Түркияда өтіп жатқан IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен 6 салмақ дәрежесі бойынша балуандар ел намысын қорғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық құрама сапында "Қазақстан Барысы" Мақсат Исағабылов, Әлем кубогінің жеңімпазы Еламан Қойшыбаев, әлем чемпионы Марат Нығматуллаев бар. Сонымен қатар биыл алғаш рет ДКО-да қазақ күресінен қыздарымыз сынға түсті. Олар – Рауза Нұрмұхамметова, Зарина Сарипова, Мөлдір Азамат.
Көшпенділердің халықаралық жарысына қазақ күресінен әлемнің 19 елінен 61 спортшы келген, оның ішінде 19 бұрымды балуан.
Бүгінгі додада қазақ күресінің 6 балуаны да жүлделі орыннан көрінді. Бұған дейін Марат Нығматуллаев (60 келі) Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтынды салғаны туралы жазған болатынбыз.
Ал қыздар арасында 65 келіде қарсыластарына дес бермеген Зарина Сарипова ел қоржынына екінші алтынды салды.
Мұнан бөлек, 80 келіде Қойшыбаев Еламан пен 55 келіде есе жібермеген Рауза Нұрмұхамметова күміс жүлдеге ие болды.
80 келіден жоғары салмақта шаршы алаңға шыққан "Қазақстан Барысы" Мақсат Исағабылов пен қыздар арасында 65 келіден жоғары салмақта белдескен Мөлдір Азамат қола жүлдені қоржынға салды.