Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов жаңа қызметке тағайындалған соң, өзінің пікірін білдірді.
Қадірлі ағайын, бүгін Алатау дәстүрлі өнер театрына қызметке тағайындалдым. Жалған сөйлеп, ақталудан аулақпын. Дегенмен де қайда барып, не істесем де барлығы әуелі Жаратушы, сонан соң өмірлік тілекшім, сақтаушым, жанашырым да Халық болғандықтан бір ауыз түсіндіріп өтейін. Адам бір нәрсеге қабілетті екенін көрсетпейінше, ешкімге ештеңені құр сөзбен дәлелдей алмайтыны айдан анық. Сондықтан маған берілген бұл мүмкіндік бірінші кезекте өзіме сынақ, - деп жазды айтыскер ақын Instagram желісіндегі парақшасында.
Ол осы орайда оқырмандарына сауал тастады.
Үш жүзге сөйлеп жүрген ақындарыңыз екі жүз адамды жұмылдырып жұмыс істете алмаса, оның пайдасы не? Осы сөзбен келісетін шығарсыздар?, - деп сұрады ақын.
Зайытов өмірдегі ең үлкен тілегі қандай екенін айтты.
Өмірдегі ең үлкен тілегім өз елімнің бір бұрышында қазақ өнеріне адал қызмет ету ғана. Оны талай жерде айтып та жүрдім. Міне сол тілегімнің алғашқы күні бүгін өтті. Құттықтау артық. Сәттілік тілесеңіздер, алғысым шексіз. Алматы қаласының мәдениет басқармасының басшылығына сенім білдіргеніне көп рахмет. Әзірге осылай… – деді Ринат Зайытов.