Қоғам қайраткері, дінтанушы, қаламгер Қайрат Жолдыбайұлы мектептерге жаңа пән енгізу керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дінтанушының айтуынша, қазір адамдарға мотивация беретін кітаптардың саны артып жатыр.
Қазір ойды оятатын, адамға жақсы әдет қалыптастыратын, бағыт- бағдар беретін көптеген кітаптар келіп жатыр. “ Кемел адам” кітабы сол бағытта. Ол жерде кітаптың авторы өзім болғаннан кейін айтып отырған жоқпын. Сондай сұранысты сезгеннен кейін жастарға осындай бір мотивация беретін кітап қажет деп шешіп содан кейін жазылған дүние,-дейді Қайрат Жолдыбайұлы.
Қайрат Жолдыбайұлы жастардың күйзеліске көп түсетініне алаңдаушылық білдірді.
Біз мектепте балаларға бүкіл әлемнің тарихын, математика-физика үйретіп жатырмыз. Бірақ біздің жастарымызға қалай адам болып, дұрыс өмір сүруді үйрете алмай жатырмыз. Әйтеуір жаттанды, әртүрлі білімді үйретеміз. Оның бәрі керек қой. Бірақ соның жанында сол білімді дұрыс қолдануды, қалай адам болып өмір сүруді үйрете алмай жатырмыз. Қарапайым мысал: адамдардың коммуникациясы, қарым-қатынасы өте төмен. Тез ашуланшақ, эмоцияға көп беріледі, шешімді дұрыс қабылдай алмайды, эмоциялық интелекті нөл. Кішкентай нәрсеге депрессияға түсіп қалады, күйзеліске тап болады, қиыншылыққа шыдай алмайды. Осындай көп қой қазір. Осы тұрғыдан алғанда эфмоциялық интелект деген дүние бар. Соны үйретуіміз керек,-дейді ол.
Оның айтуынша, жастар өз денсаулықтарына дұрыс мән бермейді.
Жастардың денсаулығы сын көтермейді. Не болса соны жейді. Қазіргі энергетикалық сусындар, әртүрлі химикалық тәттілер, екінің бірінде жамап алған түрлі аурулар бар. Сондықтан дұрыс тамақтануды үйретсек, жастар тамақты талғап, таңдап өзіне керегін жесе, денсаулыққа зиян нәрселерді біліп жүрсе, денсаулығын күтуді үйретсек. Уақытын тиімді пайдаланбайды. Бей-берекетсіз өтіп жатыр. Уақыт деген ең құнды ресурс.Осының бәрін мектепте үйретуіміз керек. Сондықтан тұлғалық даму деген пән енгізсек деп президентке мәселе көтердім, -деді ол.