Діни кітап сатқандарға айыппұл салынды

13 Мамыр 2020, 01:25
2107
Бөлісу:
Діни кітап сатқандарға айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дін саласында бес әкімшілік заңнама бұзушылығы анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Басым бөлігі СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерімен әлеуметтік желілерді және басқа да интернет-ресурстарды тексеру кезінде анықталды.
Діни әдебиетті діни мазмұндағы басылымдарды сатуға жеке рұқсаты бар заңды түрде кітап сататын орындар сата алады. Бұған қарамастан, аталған әдебиетті интернет-ресурстар арқылы сату фактілері де кездеседі. Діни әдебиетті және діни мақсаттағы өзге де материалдарды, заттарды әкелгені немесе таратқаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 490-бабымен жеке тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, заңды тұлғаларға – 200 АЕК көлемінде айыппұл салу көзделгенін естеріңізге саламыз, – деді СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Руслан Мұхамбетжанов.

Мамлютка қаласының 31 жастағы тұрғыны "ВКонтакте" әлеуметтік желісі арқылы діни мазмұндағы аудио және бейне файлдарды таратқан. Аталған фактіні полицейлер әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықтады. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 120 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Петропавл қаласының екі тұрғыны "OLX" сайтында діни мазмұндағы басылымдарды сатпақшы болған, бұл да әкімшілік заңнама бұзушылығы болып табылады.

Аталған фактілер бойынша әкімшілік материалдар жиналды. Сондай-ақ қаңтар айында Қырғызстанға транзитпен кетіп бара жатқан 35 жастағы ер адамға да 200 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Ер адамнан "Таблиғи Джамагат" деструктивті діни ағымы ұстанушыларының ҚР аумағында таратылуына, әкелінуіне және басып шығарылуына тыйым салынған кітабы анықталып алынды.

СҚО Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аталған бағыттағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті. Барлық бұзушылықтар бойынша заңнамамен белгіленген шаралар қабылданатын болады.


Өзгелердің жаңалығы