"Дін саласындағы құқықтық сауаттылық" тақырыбы бойынша дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің және ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дін саласындағы құқықтық сауаттылық – өзекті тақырыптардың бірі. Өйткені қоғамда бүгінгі күні дінге деген, діни мазмұндағы материалдарға деген қызығушылық бар. Осы орайда құқықтық сауаттылықтың, құқықтық мәдениеттің маңызы зор, - деді Дін істері комитетінің басқарма басшысы Бейімбет Манетов.
Ол сондай-ақ қазақстандықтардың интернеттегі әртүрлі ақпараттардан қателесіп кетпеу үшін діни материалды алудың тәртібі, миссионерлік қызмет, дін саласындағы сараптама, діни іс-шараларды өткізу тәртібі сияқты заң талаптарын білуі маңызды екенін айтты.
Бүгінгі дөңгелек үстел еліміздегі наным-сенімге, діни құндылықтарға қатысты қолданыстағы заңнамалардың орындалуы, жалпы діни қауымдастық пен осы дін саласындағы қарым-қатынастарды реттеуші органдардың арасындағы өзара қарым-қатынастың тағы бір көрінісі, - деді ҚМДБ Халықаралық байланыс және хаттама бөлімінің басшысы Марат Бектазинов.
Айта кетейік, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – діни сенім бостандығын қамтамасыз ету үшін зайырлы қағидаттарды нығайтуға ықпал ететін дін саласындағы заңнамаға қатысты халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.