Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Димаш Құдайбергеннің елордада өткен концертіне әлемнің 60-тан астам елінен жанкүйерлері келді. Үлкен шара алдында Қазақстанға арнайы келген шетелдік тыңдармандармен әңгіме-дүкен құрдық.
Джан Карло Векки, Марица Росси және Паоло Базилиско Италиядан Димаштың концертіне арнайы келген. Олардың бірі Димашты өмірде бірінші рет көретін болса, енді бірі оның жеке концертіне үшінші рет келіп отыр.
Джан Карло Векки – 57 жаста. Миланнан 30 км жердегі Бергамо қаласының тұрғыны. Отбасылы, 4 баласы бар. Биыл жұмысынан шығып қалса да Димаштың Лондонда, Мәскеуде өткен концерттеріне қатысқан.
Марица Росси – 71 жаста. Милан тұрғыны. Дизайнер, суретші.
Паоло Базилиско – 58 жаста. Италия тумасы, бірақ Германияда жұмыс істейді.
Димашты қалай таныдым?
Марица Росси: Димаш туралы алғаш рет Италия радиосынан естідім. Өткен Кристмаста (Жаңа жылда) Димаш туралы көп естідім.
Паоло Базилиско: Димашты 2017 жылы YouTube-тан көрдім. Бірінші тыңдаған әнім «Опера 2». Димаш – әлемнің ең мықты әншісі. Екі жылдан бері күн сайын Димашты тыңдаймын. Бір жылдың ішінде үшінші жеке концертіне (Лондон, Мәскеу, Астана) келіп отырмын.
Ең жақсы көретін Димаштың әні
Джан Карло: Шынымды айтайын, меніңше Димаш орындайтын екі ән оныкі емес. Себебі оларды тыңдаған кезде мен сезіне алмаймын. Димаш All by myself әнін әнді жақсы орындайды, бірақ тыңдаған кезде бойымды сезім билемейді. Екіншісі – Uptown Funk. Осы екі әнді тыңдағанда ешқандай сезім болмайды, ал қалған әндерін тыңдаған кезде тұла бойымда ерекше сезім пайда болады.
Паоло Базилиско: Мен үнемі рок, металл жанрында музыка тыңдаймын. Рокты тыңдағанда әннің мәтініне, әншінің дауысына емес, тек музыкасына ғана назар аударып келдім. Ал Димаштан дауысты тыңдауды, сөзіне мән беруді үйрендім. Соған дейін тек әннің фонын ғана тыңдаппын.
Димаштың өнерін неге жақсы көремін?
Марица Росси: Димаш ән айтқан кезде іңкәрлік бар. Мен өмірімде Димаштай әншіні тыңдап көрмедім. Ол – жалғыз.
Концерттен күтерім...
Джан Карло: Минскіде алғаш рет Еуропа ойындарының ашылу салтанатында шырқаған Ogni Pietra әнін орындаса екен. Мен бұл әннен шабыт аламын. Осы әнді концертте тыңдағым келеді.
Марица Росси: Мен жылайтын шығармын. Мен алғаш рет Димаштың live концертіне барамын.
Қазақстан туралы...
Джан Карло: Қазақстанға алғаш рет келдім. Маған ұнап жатыр. Қазақстан туралы бұрыннан білетінмін. Бала кезімде география сабағында картадан мынау Қазақстан, мынау Ресей деп көрсететінмін. Димашқа дейін тек елдің атын ғана білдім. Қазір Димаштың арқасында dears-пен кездесіп тұрамыз. Адамдар қонақжай, жылы лебізді. Астана көңілімізден шықты. Түнгі көрініс расында керемет.
Паоло Базилиско: Қазақстан туралы көп естідім, бірақ ешқашан болып көрмеппін. Қазір Димаштың арқасында осындамын. Әдемі мемлекет. Адамдары да әдемі.
Dears туралы...
Джан Карло: Бір күні досыммен бірге барда отырдым. «Кеше Димаштың жаңа әні шықты» деп видеосын көрсеттім. Бейтаныс әйел әншінің кім екенін сұрады. Мен Димаш деген әнші екенін айттым. Ол менен «Оның әндерін тыңдайсың ба?» деп сұрады, Мен «Иә» дедім. Сосын ол кешкісін мені әлеуметтік желіден тауып алып, «Мен мұндайды өмірімде тыңдамағанмын, есірткі сияқты екен» деп жазды. Шынында, Димашты бір рет тыңдаған соң әрі қарай тыңдай бересің. Тәуелді болып қаласың.
Dears – үлкен отбасы. Күнде мессенджермен сөйлесеміз. Кездіп, Димаш туралы, оның алдағы концерттеріне бару туралы әңгіме құратын сәтті асыға күтіп жүремін. Димаштың арқасында әлемнің түкпір-түкпірінен достар таптық. Бізді біріктіретін – Димаш.
Димашқа тілек...
Джан Карло: Димашты әлемнің бәрі жақсы көрсе екен. Димашты біз секілді жақсы көретін dears-тар көбейсе екен.
Марица Росси: Оның әлемде танымал болғанын қалаймын.
P.S. Олардың сөзінше, Facebook-та Италияның екі «Димаш фанклубы» бар. Жабық топта 1000 адам болса, ашық топта әлемнің бірнеше елінен 2500 адам отырады. Жанкүйерлері концертті тағатсыздана күтті. Концерт оларға сөзсіз ұнады деп ойлаймыз. Тіпті келесі концертке келуді жоспарлап отырған болар...