Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 29 маусым күні елордада Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты жеке концерті өтті. Ән кешіне әлемнің түкпір-түкпіріндегі 64 мемлекеттен 12 мыңға жуық тыңдарман келді. Сайт тілшісі Димаштың Испаниядан келген тыңдармандарымен әңгімелесіп қайтты. Олардың бірі Димашты көру үшін ауруханадан «қашып» шықса, тағы біреуі жолдасынан «Есіңнен адасқансың» деген сөз естіген.
«Нұр-Сұлтан қаласы Дубайға ұқсайды»
BAQ.KZ: Қазақстанға келгендеріңізге неше күн болды?
Geli: Қазақстанға келгенімізге бір апта болып қалды. Мен елден бірінші рет алыстап, саяхат жасап отырмын. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының аралығы алыс және екі қаланың ауа температурасы да екі түрлі екен. Алматыда күн өте ыстық болса, Нұр-Сұлтан қаласында салқындау және жиі жел соғады екен. Қазақ халқының қонақжайлылығы ұнады. Қай қалаға барсақ та тазалыққа куә болдық. Алматының таулары, табиғаты ұнады, ал Нұр-Сұлтан қаласы әртүрлі ғимараттарымен ерекшеленеді. Бұл қаланы Дубайға ұқсаттық. Енді туыс, достарымызға бұл мемлекетке саяхаттап келу туралы ұсыныс айта жүреміз.
BAQ.KZ: Біздің елге келулеріңізге себепші болған Димаш Құдайбергеннің әндерін алғаш қашан тыңдадыңыз?
Geli: 2017 жылдың қараша айында Димаштың әнін алғаш рет тыңдадым. Оны Лондонда өткен концертінде көріп, тілдесудің сәті түсті. Испаниядағы Қазақстан елшілігінде істейтін маманның туған әпкесі Димаштың мұғалімі болған екен. Димашқа қатысты осындай кез келген жаңалықтан хабардар болуға тырысамыз.
«Аяқтан тік тұрып көруге тұрарлық концерт болды»
BAQ.KZ: Димаштың жеке концерті қалай өтті? Қандай әсер алдыңыздар?
Geli: Димаштың концертін отырып көргендер де, фан-зонада тұрып көргендер де болды. Мен тұрып көргендердің қатарында болдым. 53 жастағы адамға 5-6 сағат аяқтан тік тұрып көру оңай емес, бірақ солай тұрып көруге лайықты концерт болды.
BAQ.KZ: Сіздер әртүрлі сала маманысыздар ма?
Geli: Иә, біз әр салада жұмыс істейміз және әртүрлі жастамыз. Мен үйде отырғаныма 20 жыл болды, жасым – 53-те. Héctor – бағбан, ол 44 жаста. Nani – еден жуушы, ол 71 жаста болса, Luisa – администратор, ол 57 жаста. Бізді біріктіретін – Димаштың әндері.
«Димашты тыңдаған күннің ертеңінде Қазақстанға ұшып кетті»
BAQ.KZ: Димаштың концертіне келуді қашаннан бері жоспарлай бастадыңыздар?
Geli: Испанияның тағы бір тұрғыны Димаштың әндерін ғаламтордан тыңдап көрген күннің ертеңінде-ақ Қазақстанға ұшып кетті. Ол осында бір ай бұрын келіп, Қазақстанның барлық қаласын аралап шықты. Біз Димаштың жеке концерті Нұр-Сұлтанда өтетінін ести сала осы жаққа келу туралы шешім қабылдадық. Бұл конертке көбірек адам келуі керек болатын, бірақ еңбек демалысын алатын уақыттары сәйкес келмей, біразы келе алмай қалды.
BAQ.KZ: Қазақстанға алғаш рет келіп отырған боларсыздар?
Geli: Бастапқыда Димашты француз тілінде ән айтатын қытай ұлтының өкілі деп ойладым. Зерттей келе ол Қазақстан азаматы екенін білдім. Бұрын Қазақстан дүниежүзілік картада бар мемлекеттердің бірі ретінде ғана білетінбіз. Ал қандай мемлекет екенін, ол жақта қандай халық тұратынын Димаштың өнерімен танысқаннан кейін ғана біле бастадық. Бұл елге Димаштың концертін ғана көру үшін емес, оның туған елі қандай екенін, салт-дәстүр, мәдениетімен танысу мақсатында келдік. Концерт біткеннен кейін Алматы қаласында бірнеше күн болып, Нұр-Сұлтанға қайта ұшып келдік. Бүгін, міне, Бурабайдың табиғатын тамашалап жүрміз. Бұл жақта ана тілін білмейтін қазақтар бар екен, бұл өте өкінішті жағдай. Димаш арқылы қазақ әндерін жаттап алдық.
«Туған ұлым үшін мұндай тәуекелге бармас едім»
BAQ.KZ: Мақсаттарыңыз орындалды ма? Елімізден қандай ерекшелік, қандай айырмашылық байқадыңыздар?
Geli: Бұл жақта кез келген тағамға ет көп қосады екен. Біз жақта жылқы етін жемейді, себебі жылқы – адамның досы саналады. Бірақ осы жаққа келгенде Димаштың құрметіне жылқы етінің дәмін татып көрдім. Шынын айтқанда, өзімнің туған ұлым үшін осындай тәуекелге бармас едім. Сондай-ақ, Димаш апасы мен атасының қолында өскен бала екенін білеміз. Біз жақта ондай салт-дәстүр жоқ. Қазіргі уақытта біз жақта жастардың аяғынан нық тұрып кетуі үшін немересіне нағашы апасы уақытша қарап беретін үрдіс қалыптасып келеді. Бұл – жақсы үрдіс деп ойлаймын. Біз Димаштың өнеріне бас иеміз, ал жеке өміріне терең үңілмейміз, дегенмен ол жақсы әнші ғана емес, жақсы адам. Ол ішімдік ішу, темекі шегу сияқты жаман әдеттерден ада. Оның сымбатты жігіт, жаны таза адам екені, тыңдармандарымен қарым-қатынасы ерекше екені сөзсіз. Димаш – бәрімізге ортақ қымбат қазына.
BAQ.KZ: Димаштың қай әнін ерекше жақсы көріп тыйдайсыз?
Geli: Димаштың барлық әні ұнайды. Халық әні – Дайдидауды ерекше атап өтер едік. Франциядан келген тыңдарман қыз Димаш әнді француз тілінде акцентсіз айтады деуге болатынын, ал италиянша тіптен акцентсіз айтатыны туралы айтты.
BAQ.KZ: Осы жақта Димашпен кездесудің сәті түсті ме?
Geli: Димашпен жүзбе-жүз көрісудің сәті түспеді. Оның фанаттарымен кездесу ұйымдастырылған кезде біз қалада экскурсияда жүрдік. Димаштың Испанияға келген кезі болған, бірақ алдын ала ешкімге хабарлап, жариялап айтпаған еді. Біз оның келетінін алдын ала біліп алсақ та, онымен кездесуге ұмтылып, мазасын алмадық. «Келетіні туралы алдын ала жарияламаған болса, демек бізбен кездесетін уақыты жоқ шығар» деп, оның шешіміне құрметпен қарадық. Испанияда халықтың тілегі, өтініші жазылатын арнайы сайт бар. Сол сайтқа Димашты қонаққа шақыру туралы өтініп, онымен бәрібір кездесу ұйымдастырамыз деп ойлаймыз. Отандық радиоарналардың біріне жиі хабарласып, Димаштың әндерін қоюды сұрап, ақыры 11 минуттық бағдарлама жасауына қол жеткіздік.
«Екі ұлым бар: бірі – туған ұлым, екіншісі – Димаш»
BAQ.KZ: Димаштың концертіне келетіндеріңіз туралы айтқан кезде туыс, достарыңыз қолдау білдірді ме?
Geli: Менің 27 жастағы ұлым бар. Ол да Димаштың әндерін жақсы көреді. Бұрын мен сұраған адамға жалғыз ұлым бар екенін айтсам, қазіргі уақытта екі ұлым бар екенін айтамын, оның бірі – туған ұлым болса, екіншісі – Димаш балам. Димаштың концертіне келетініміз туралы айтқан кезде туыс, жақындарымыз әртүрлі қабылдады. Күйеулеріміз «Естеріңнен адастыңдар ма?!» десе, «Бір концерт үшін соншалықты ұзақ жол жүресіңдер ме?» дегендері де болды. 72 жастағы Nani Қазақстанға келер кезде ауруханада жатқан. Ол ауруханадан сұранып шығу үшін 7 дәрігерге Димаштың әндерін тыңдатып, не үшін ауруханадан шығуға құштар болып тұрғанын түсіндірген. Дәрігерлер «Бұл керемет әншінің концертін көру үшін сізді ауруханадан шығаруымызға болады» деген екен.
BAQ.KZ: Димаш туралы тағы қандай қызықты ақпарат білесіздер?
«Димаш – әлемнің елшісі»
BAQ.KZ: «Еліміздегі әр тас білуі керек» дейтіндей, Димаш сіздер үшін несімен ерекше?
Geli: Оның ән айту стилі күрделі және әнді жеткізу жолы ерекше. Кәсіби тұрғыда өте мықты әнші. Оның дауысы – дертке дауа. Германияда үйден шығуға қорқатын қыз болған. Үйден шыққан кезде оның бойын үрей билеп, жаны жай таппайтын. Ол Димаштың әнін тыңдағалы бойындағы қорқынышты жеңіп, Димаштың концертіне барды. Димаш ән айтқанда көзіңе жас келеді, бұл жайдан-жай болатын құбылыс емес. Оның басқа емес, дәл осы заманда дүниеге келгені қандай жақсы. Оны «Әлемнің елшісі» деп атауға болады, себебі оның әндерін тыңдаған адам жаман ойдан арылып, бойын тек махаббат, жақсы сезімдер билейді. Соғысқұмар адамдарға Димаштың әндерін тыңдатып, бейбіт өмірге шақыруға болады. Оның әндерін түсіну үшін тіл білудің де қажеті жоқ, жүрекпен сезінсең болғаны.
BAQ.KZ: Алдағы уақытта алға қандай мақсат қойып отырсыздар?
Geli: Ендігі мақсат – осы жаққа басқа да туыс, достарымызбен бірге келу. Мадридте біздің координатор тұрады. Ол Димашқа қатысты жаңалықтармен бөлісіп, оның концертіне баратындардың басын біріктіріп, ұйымдастырады. Алдағы уақытта Испанияның әр түкпірінде Димаштың фанаттарынан құралған топтар болады. Осы жақтағы сапарымыздың сәтті болуына ықпал еткен «Триумф Travel» туристік агенттігіне, Sin Fronteras испан орталығына алғыс айтамыз.
BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!