Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Димаш Құдайбергенге арналған арнайы радиохабар Вьетнамда эфирге шығады

28 Маусым 2025, 14:45
449
Бөлісу:
 Фото: DimashNews
Фото: Фото: DimashNews

2025 жылдың 2 шілдесінде Вьетнамның беделді VOV3 (Voice of Vietnam) радиосы қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған «Idols Talk: Deep» бағдарламасының арнайы шығарылымын ұсынады. Бұл туралы DimashNews мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бағдарламада әншінің халықаралық сахнадағы жолы мен өнерінің жан-жақтылығы қамтылады. Атап айтқанда, «Singer 2017» шоуындағы дебюті, түрлі музыкалық жанрдағы (классикадан попқа дейін) орындаулары, сондай-ақ қазақ, орыс, ағылшын, француз және қытай тілдеріндегі әндері туралы баяндалады.

Хабар барысында Димаштың репертуарындағы әйгілі туындылардың бірі — «SOS d’un terrien en détresse» және «Любовь уставших лебедей» әндері тыңдарманға ұсынылады.

Бағдарламаның екінші бөлімінде 2017 жылы құрылған вьетнамдық фан-клубтың қызметі мен бастамаларына назар аударылады. Клуб мүшелері әншінің шығармашылығына қолдау көрсетіп, кездесулер ұйымдастырып, мультитілді контент әзірлеумен айналысады. Сонымен қатар, олар Димаштың мәдени миссиясын ілгерілетуге бағытталған түрлі жобаларды үйлестіреді.

Радиохабарда фан-клуб өкілдерінің Димаштың Вьетнам мен Қазақстандағы концерттеріне қатысуы, жанкүйерлік естеліктері мен әншімен өткен онлайн кездесулері туралы да айтылатын болады.

«Idols Talk: Deep» радиобағдарламасы 2025 жылғы 2 шілдеде, Вьетнам уақытымен:

сағат 08:30

15:30

және 19:30-да
VOV3 арнасында эфирге шығады.

Еске сала кетсек, жуырда Димаш Құдайберген Шанхай халықаралық кинофестивалінің жабылу салтанатында өнер көрсеткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы