Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ел азаматтарын су басқан өңірлерге көмек қолын созуға үндеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол бұл жайында Instagram парақшасында жазды.
Наурыздың соңғы күндері күн күрт жылынып, Ақтөбе облысы аймағында және еліміздің тағы бірқатар өңірінде тез еріген қар суы сай-саланы лезде толтырып, автокөлік жолдарын шайып, бірнеше елдімекенді су басыпты. Көп отбасылардың баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ Ақтөбе аймағында өзендердегі мұз еріп, су қоймаларындағы су деңгейінің көтеріліп, өзендердің арнасынан асу қаупі жоғары екен. Мұның себеп-салдарын құзырлы мекемелер анықтап, мәселенің түйінін шешу жолдарын іздестіре жатар. Мемлекет тарапынан үйлерін су шайып кетіп, далада қалған ағайынға толыққанды көмек көрсетілетініне сенім мол, - дейді қабырғасы қайысқан орындаушы.
Димаш Құдайберген тап қазіргі сәтте қиналғанға қол ұшын созу — ең басты парыз екенін еске салды.
«От пен су — тілсіз жау». Сондықтан қысылтаяң сәтте бауырларымызға қол ұшын созып, бірлігімізді көрсетейік, ағайын! - деп қайырымдылыққа үндеді әнші.