"Дикий Арманның" ісіне қатысты сот отырысы не себепті жабық өтеді?

21 Қыркүйек 2023, 16:33
1300
Бөлісу:
"Дикий Арманның" ісіне қатысты сот отырысы не себепті жабық өтеді?
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

"Дикий Арман" лақап атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің және 44 адамның сот отырысы жабық өтпек. Іс бойынша 10 жәбірленуші, бір куәгер және бір сотталушы тарап сот отырысын жабық түрде өткізуді сұраған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматыда Қайрат Құдайберген, Арман Жұмагелдиев және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды.

Сотталушылардың жалпы саны 45 адам.

Оларға «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды.

Отырыс барысында сот процесіне қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы жүзден астам өтінішхат түсті. Жәбірленушілер өз өмірлері, отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін алаңдайтындығын атап өткен.

Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды. 

Айта кетейік, басты сот отырысы осы жылдың 6 қазанына белгіленген.

Еске сала кетейік, 7 қаңтарда Алматыда полицейлер танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевті ұстады. Бас прокуратура 7 ақпанда ол қандай қылмыс үшін ұсталғанын айтып берді. 

Жұмагелдиевтің қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.

14 қыркүйекте өткен алғашқы сот отырысында Арман Жұмагелдиев сот залында болмады. Жұмагелдиев пен қоса 44 адамнан жауап онлайн алынды.

Өзгелердің жаңалығы