Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізде жалпы 20 шақты адамның қылмыстары жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар деп сараланды. Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар рақымшылыққа ілінбейді. Тек қана қатысушылар ғана жатады. Қайрат Құдайбергеновке де әзірге сондай айып тағылып тұр, -деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары Сенаттың кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Белгілі болғандай, Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша рақымшылық жасалмайды.
Олар: 99-бап «Қасақана адам өлтіру», 146-бап «Азаптау», 451 және 362-баптар «Билікті асыра пайдалану» бойынша рақымшылық қарастырылмайды. Қазіргі уақытта қасақана адам өлтіргендер туралы нақты хабарым жоқ, - деп жауап берді Әсет Шындалиев.
Еске сала кетейік, бүгін өткен Сенат отырысында «Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданған болатын.
Жалпы, «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы мейірімділік, адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделген. Рақымшылық өз қатесін мойындаған және қылмысы үшін кешірім сұраған адамдарға ғана жасалады, себебі қылмыс ақталмайды, қылмысқа аңдамай, қателікпен жол бергендерге рақымшылық жасалады.