Digital Bridge-2022 форумында 29 келісімге қол қойылды

29 Қыркүйек 2022, 18:20
1157
Бөлісу:
Digital Bridge-2022 форумында 29 келісімге қол қойылды

Екі күннің ішінде форум алаңында мемлекеттік органдар, ірі компаниялар, халықаралық технопарктер мен басқа да ұйымдар ІТ-инновацияны дамыту бойынша 29 меморандум мен келісім жасасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соның ішінде Astana Hub еліміздің ІТ-әлеуетін арттырып, тиісті мамандар дайындауға серпін беру мақсатында 11 меморандумға қол қойды.

Екі жыл бұрын әлемдік ІТ-нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш өсе береді. Сондықтан аталған салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары болады. Біз бұл сын-қатерді жақсы түсінеміз. Сондықтан 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау міндетін қойдық - деді Digital Bridge форумында сөз сөйлеген  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы белгілеген осы межеге қол жеткізу мақсатында Astana Hab халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі әлемдік ІТ-компаниялармен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қазір біздің технопарк ІТ-саладағы адами капиталды дамытуға арналған бағдарламаларды жандандырып жатыр. Соның ішінде Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жеке тұлғаларды ІТ бағытында оқытуды қаржыландырып, кадрлар мен білім орындарын ынталандыруда. Сондықтан EPAM және New Age ІТ-компаниялармен ынтымақтасу арқылы еліміздің ІТ-саласына серпін жасағымыз келеді, - деді Astana Hab бас директоры Мағжан Мәдиев.

Сондай-ақ Digital Bridge 2022 аясында Astana Hab түркі елдері технопарктерімен ТМҰ мүше-елдердің инновациялық экожүйесін дамыту туралы және Technology Hub India компаниясымен екі елдің ІТ-жүйесін дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды.

Қазақстанның пайдасына жарауы мүмкін ірі әдістемелік базамыз бар. Сондықтан біз өзіміздің инсайттар және тәжірибемізбен қуана  бөлісеміз, - деді  Technology Hub India бас директоры Рао Сринивас.

Astana Hub және Draper Startup House арасындағы меморандумда серіктестердің ІТ-экожүйесін дамыту, біріге іс-шаралар өткізу, AН бағдароһламасы үшін DSH тәлімгерлерін ұсыну және тағы басқа мәселелер қарастырылған. Сонымен қатар Freedom Finance Bank, TikTok, Glovo және қазақстандық ЖОО-мен меморандум жасалды.

Еске сала кетсек, Digital Bridge халықаралық форумы Астана қаласында 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл форумның бағдарламасы аясында 45 панельдік сессия,  технопарктер көрмесі, ІT-стартаптар аллеясы, IT-мектептер көрмесі, IT-вакансиялар жәрмеңкесі,  Astana Hub Battle жарысы қарастырылған. 

Өзгелердің жаңалығы