Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Диетолог: Дені сау сәбиді дүниеге әкелу дұрыс тамақтанудан басталады

14 Мамыр 2025, 16:44
828
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағаты
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Сәбилер арасында түрлі дерт көбейген заманда жүктілікті алдын ала жоспарлау – сау баланы дүниеге әкелуге жасалған алғашқы қадам. Ол тек медициналық тексерістен өту ғана емес, пайдалы тамақтану, дәрумендер қабылдау, қажет болса, физикалық белсенділікті қамтиды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы орайда диетолог, Астана Медицина Университеті жанындағы академик Е. Д. Даленов атындағы ғылыми зерттеу институты жетекші ғылыми қызметкері Жанна Нұрберген жүктілікті жоспарлауға қатысты бірнеше кеңесімен бөлісті.

- Жүктіліктің алдында болашақ ата-ананың тамақтану рационы қандай болғаны дұрыс?

- Қазіргі таңда жүктілікті жоспарламай баланы дүниеге әкелу – өте қауіпті. Өйткені, статистика бойынша елімізде әрбір бесінші, алтыншы бала түрлі ақаулармен дүниеге келеді. Ол орталық жүйке жүйесінің аурулары, гормоналдық жүйенің бұзылыстары болуы мүмкін. Олардың бәрінің негізгі себебі – ананың жатырында жатқанда ұрық дамыған кезде қандай да бір дәрумен жетіспей қалуы. Яғни бәрі ананың денсаулығына байланысты.

Елде осы тұрғыда тапшылықтар өте көп. Тамақтың сапасыздығы, дұрыс тамақтанбау, дәрумендердің аздығы – барлығы әсер етпей қоймайды. Бұрын маған келген пациенттер, әсіресе 50 жастан үлкен кісілер: «Өмір бойы анемия болсам да, бірнеше баланы өмірге әкелдім. Ештеңе болған жоқ» деп айтатын. Менің айтарым, иә, бәлкім осыдан 15, 20-25 жыл бұрын бұл қалыпты болған шығар. Бірақ анемиясы бар анадан міндетті түрде анемияға шалдыққан бала туады. Өйткені анаға жетіспеген нәрсе балаға да жетпейді.

- Қазір дәрігерлер екіге бөлініп жатыр: бірі – «БАД»-тарды қолдайды, енді бірі – ішпеуге кеңес береді. Сіз қайсысына жатасыз?

- Мен «БАД»-тарды қолдайтындардың қатарындамын. Дәрумендер дұрыс, табиғи болса, оларды ішу керек. Онсыз біз ағзаны қажетті минерал, дәрумендермен толықтыра алмаймыз. Қажеттіні тамақтан аламыз дегенмен, қазір адамдар дұрыс тамақтанбайды. Сапалы тамақ өте аз. Табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері жоқтың қасы. Дәрумен ішуден қорықпаңыздар, бірақ дұрыс, табиғи шөптен, табиғи майдан, көкөністер мен балықтардан жасалғандарын таңдай біліңіздер.

- Артық салмақ – жүкті болуға кедергі келтіреді» дегенмен келісесіз бе? Репродуктивті денсаулық дұрыс тамақтанбаумен қаншалықты байланысты?

- Артық салмақ жүкті болуға кедергі келтіреді. Ол рас. Дәлелденген нәрсе. Өйткені артық салмақ дегеніміз – ол адамның ағзасындағы артық шлак, артық токсиндер. Ағза соны арқалап жүреді. Артық салмақ жүрген жерде қаншама диагноз қоса болады. Артық салмақ болған адамның эндокриндік, асқорыту жүйесі бұзылады. Артық салмақтан арылу – өте оңай. Артық салмақтың себебін анықтап, сонымен күрессе, артық салмақ өзі-ақ кетеді. Диетаға отырып, ашығып, түрлі коктейльдерді ішіп, адамдар өздерін қатты қинайды. Дұрыс жолмен арықтаса, артық салмақтан қайтармай арылу әбден мүмкін.

- Егер артық салмақпен жүкті болсаңыз, әрі қарай не істеу керек?

- Егер ана артық салмақпен жүкті болса, міндетті түрде барлық тексерістен өткені дұрыс. Дәрігердің қабылдауында болып, міндетті түрде емделіп, жаңа айтқанымдай, ағзаны артық шлактардан тазарту керек. Әйтпесе, оның барлығы баланың дамуына, туылуына әсер етеді. Қажетті дәрумендерді міндетті түрде ішу қажет. Жүкті кезде үзілді-кесілді дәрумен қабылдаудан бас тартатын аналарды білемін. Олар өзінің ағзасында жоқ нәрсені балаға қалай береді?

- Жалпы әйел мен ер адам жүктілікке қалай дайындалғандары дұрыс?

- Қазір дамыған заманда жүктілікті әйел мен күйеуі болып бірге жоспарламау – ол надандық. Біреулердің шамына тиіп кетуі мүмкін. Дегенмен медициналық сауаты жоқ адамдар "Құдайдың бергені болады", "Құдай қалай берсе, солай қабылдаймыз" деп денсаулықтарына бей-жай қарап, жүктілікті жоспарламайды. Әйел адам жүктілікке қалай дайындалса, ер адам да дәл солай дайындалуға тиіс. Қазір ер адамдардың арасында бедеулік, түрлі аурулар пайда болды. Алдын алып, емделіп барып жоспарламаса, болашақ баланың денсаулығына әсер етеді. Өкінішке қарай, ер адамның ұрығының сау болмауы – ауызға салған астың сапасына байланысты. Бүгінде ер адамдар газдалған, түрлі энергетикалық сусындарды көп ішеді. Америкалық ғалымдардың зерттеуінде энергетикалық сусындар ДНҚ, яғни генетика деңгейінде сперматозоидтардың белсенділігін жоятыны дәлелденген. Бірақ белсенсіз сперматозоид салдарынан бедеулік, ауру баланы дүниеге әкелу жайттары көбейіп кетті. Сол үшін тәтті, газдалған, энергетикалық сусындар, дүкеннің химияға толы тағамдарынан аулақ болуды ұсынамын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы