Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев нақты статистикалық деректердің болмауы - аграрлық саланың дамуына кері әсерін тигізіп отырғанын айтты.
Оның пікірінше, қазір ауыл шаруашылығындағы жағдай туралы жедел ақпарат жинаумен статистика мекемелерімен қатар жергілікті атқарушы органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелері айналысады.
Ал жиналған деректердің дұрыстығы үлкен күмән тудырады. Қағаз жүзіндегі әдемі баяндамалардың ауылдағы жағдаймен сәйкес келмейтінін аңғару қиын емес. Біз жиналған өнімнің анық көлемін, тұқымның шынайы сапасын, зиянкестермен ауырулардың таралу мөлшерін, егін себу мен жинау жұмыстарының дәл мерзімін нақты білмейміз, ал заманауи агротехнологияларды енгізу бойынша кейде дамыған елдерден де асып кетеміз. Мал шаруашылығында жануарлар туралы мәліметтерді тіркеу жұмыстарының негізгі бөлігі әлі де қағаз нұсқада жиналады, кейіннен олар деректер базасына қолмен енгізіледі, - дейді Ақылбек Күрішбаев.
Оның айтуынша, адами фактор әсерінен көптеген қателік орын алады. Мұндай олқылықтардың бірнеше себебі бар.
Біріншіден, ақпарат берушінің деректердің дұрыстығы үшін жауапкершілігі төмен. Екіншіден, жергілікті әкімдерінің жұмысын бағалауды статистика деректеріне тәуелді ету – ауылдағы жағдай туралы жалған ақпараттар беруге жол ашады. Үшіншіден, статистикалық мәліметтердің анықтығы мен шынайылығын арттыру үшін, қазіргі заманғы цифрлық технологияларды қажетті деңгейде пайдаланбау. Осындай бұрмаланған ақпараттар «қисық айна» әсерін тудыратынын және мемлекеттік органдардың маңызды шешімдер қабылдауына негіз болатынын мойындау керек. Мұның соңы неге алып келеді?, - дейді депутат.
Оның айтуынша, ең алдымен, мемлекеттік жоспарлаудың дұрыс жасалмауына, қаражаттың дәл бөлінбеуіне әсер етеді.
Мұны біз игерілмеген бюджет қаржысының және оларды мақсатсыз пайдаланудың көлемінен жиі байқаймыз. Мал шаруашылығында жануарлар туралы мәліметтерді бұрмалау субсидияларды заңсыз алуға жол ашады. Мемлекеттен қаржылай көмек алудың белгіленген талаптарына сәйкес болуы үшін, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің кейбірі өтірік-шынды ақпаратты қосып, кейде өтіп кеткен күнмен жануарлар туралы мәліметтерге түзетулер мен өзгерістер енгізеді. Ең оғаштығы, ауылшаруашылық жануарларын есепке алу мемлекеттік жүйесінде осындай олқылықтарға жол беріліп отыр,- дейді Ақылбек Күрішбаев.