Деректерді басқаруға бірыңғай талаптар белгіленеді – Мусин

4 Мамыр 2022, 10:56
1564
Бөлісу:
Деректерді басқаруға бірыңғай талаптар белгіленеді – Мусин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Цифрлық Үкімет офисі аясында Цифрлық трансформация орталығы іске қосылып, соның базасында пилоттық түрде 110-ға жуық бизнес-процестер қайта қаралып, сапасын көтеру бойынша ұсыныстар жасалды. 

Осындай жұмыс барлық мемлекеттік органдардың функциясы бойынша жүргізіледі. Цифрлық трансформация басқармалық шешімдер қабылдау сапасына да оң әсерін тигізеді, себебі шешімдер шынайы, толыққанды және өзекті мәліметтерге негізделуі тиіс. Шынайы және өзекті деректер – бұл алдыңғы қатарлы экономикаға талдау және болжау арқылы әр азаматтың қажеттілігін дер кезінде анықтап, халықтың өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін фактор, - деді министр.

Мусиннің сөзінше, заң жобасында деректермен жұмыс тәртібін реттеуге бағытталған түзетулер кешені бар. 

Деректерді басқару саласына уәкілетті органды енгізіп, оның мәртебесін айқындау қарастырылған. Бұл бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға және мекемеаралық қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызмет көрсету немесе жүктелген функцияларды орындау кезінде мемлекеттік органдар үшін ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті жеңілдету ұсынылады. Деректерді басқаруға бірыңғай талаптар белгіленеді, - деп түсіндірді ол Мәжілісте.

Осылайша, жетекшілік ететін салаларға кешенді талдау жүргізу, мемлекеттік базалардағы деректерді өзектендіру, онлайн тәртіпте дәлелді және тиімді басқару шешімдерін қабылдау мүмкіндігі пайда болады.

Сонымен қатар дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану талаптары да күшейтіледі.

Бұл үшін заң жобасында жеке деректерді жинауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйелерді ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері ретінде тану және оларды қорғауға қойылатын талаптарды күшейту ұсынылады. Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен сервистерде осалдықтарды анықтау және жою үшін отандық жеке IT-мамандардың әлеуетін пайдалану ұсынылады, - дейді министр.

Өзгелердің жаңалығы