Астана, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Захер Бен Мутиш Әль-Әнесимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар діни қызмет саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстан азаматтары үшін Умра мен Қажылықты ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Вице-министр Б.Арын дін саласындағы байланыстардың даму барысына өз ризашылығын білдіріп, Корольдікпен өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді. Сонымен қатар ол сауд тарапына қажылықты ұйымдастыру барысында қазақстандық қажыларға көрсетілген көмек үшін алғысын білдірді.
Тараптар, осы жылы қазақстандық қажылардың Умра мен Қажылыққа бару жағдайларын жақсарту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Сонымен қатар, пікір алмасу барысында Қоғамдық даму вице-министрі елшіні дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын министрліктің қазіргі міндеттері мен басымдықтары туралы хабардар етті.
Б.Арын терроризмнің барлық түрі мен көрінісін айыптаған және айыптайтын, сондай-ақ бұл құбылысты түп-тамырымен жою үшін әлем қауымдастығымен тиімді ұжымдық күш-жігерді жұмылдыруға шақыратын Қазақстан үшін сауд тарапының дерадикализациялау мен оңалту жұмысы саласындағы тәжірибесі қызығушылық тудыратынына назар аударды.
Тараптар экстремистік діни ағымдардың алдын алу қызметі, оның ішінде радикалды діни идеологияның ықпалынан халықты қорғау бойынша қарсы насихат жұмысын жүргізу әдістері жөнінде тәжірибе мен ақпарат алмасуды жүзеге асыруға келісті.