Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұртай Сабильянов Мәжілістің алтыншы шақырылым депутаттары өкілеттігінің аяқталуына орай, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің қызметі туралы қысқаша ақпарат ұсынды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылым депутаттары өкілеттігінің аяқталуына орай, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің қызметі туралы қысқаша ақпаратты ұсынамын, - деп жазды Facebook-тегі парақшасында.
Алтыншы шақырылымда Парламент Мәжілісінің бас комитеті ретінде Комитет 62 заң жобасын қарады, оның 8-і Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық еткен заң жобалары. Комитетпен жергілікті өзін-өзі басқару, кәсіпкерлік қызмет, бәсекелестік, кедендік реттеу, көлік, статистика, стандарттау, техникалық реттеу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй қатынастары, құрылыс, цифрлық технологиялар, мемлекеттік сатып алу, ойын бизнесі, мемлекеттік басқару жүйесі, сумен, интернетпен қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы және басқа да заң жобалары жан-жақты қарастырылды және мақұлданды. Осы заң жобалары бойынша депутаттардың 7 050 ұсыныстары қабылданды. Республикалық бюджет жобаларын қарау кезінде Комитеттің сумен жабдықтау, автомобиль жолдары, білім беру, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы және т.б. жобаларды қаржыландыру жөніндегі ұсыныстары қабылданды, - деп жазды ол.
Комитет заң жобаларының әрбір нормасын экономикамыз бен өңірлерді дамыту және бүкіл еліміздің әл-ауқатын арттыру үшін қажеттілігі мен орындылығы тұрғысынан қарастырды. Заң жобаларына үнемі талдау жасалып отырды, еліміздің әрбір өңірінің мәселелері бойынша жұмыс жүргізілді.
Депутаттар – Комитет мүшелері әрбір заң жобасын қарастыруға жауапкершілікпен қарап, халықтың өзекті мәселелерін шешу бойынша жұмысты ұдайы жүргізді, азаматтардың 4 мыңнан астам өтініштері қарастырылды. Өңірлерде депутаттар сайлаушылармен жиі кездесулер өткізді және азаматтарды жеке қабылдауларды жүргізді.
Комитет ұйымдастырып өткізген іс-шаралар:
Комитет отырыстары – 212,
жұмыс топтарының отырыстары – 640,
парламенттік тыңдаулар – 1 (сумен жабдықтау бойынша),
үкімет сағаттары – 9,
көшпелі отырыстар – 13,
және басқа іс-шаралар.
Барлық заң жобалары және халықтың мәселелері мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, сарапшылардың қатысуымен жан-жақты әрі ашық түрде талқыланды. Комитеттің жұмыс қорытындылары Комитет шығарған жинақта қамтылған. Мен, Комитет төрағасы ретінде, Парламент депутаттарына, Комитеттің бөлім қызметкерлеріне және Парламент Мәжілісі аппаратының қызметкерлеріне бірлескен және үйлесімді жұмыстарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Парламент Мәжілісінің жаңа құрамына халқымыздың игілігі үшін жемісті жұмыс тілеймін, - деп жазды Нұртай Сабильянов.
ҚР Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов депутат болған 16 жылда 750 елді мекенде халықпен 1250 кездесу өткізіпті. 310 депутаттық сауал жолдаған екен.
Соның ішінде 65 мектеп пен балабақша салу, 120 елді мекенге ауызсу тарту, 40-тан аса басқа әлеуметтік мәселелерге қатысты ұсыныстар білдірген. Осы шақырылымның өзінде 9 заңға бастамашы болып, өзі басшылық ететін комитетінде 62 заң жобасын сүзгіден өткізіп, зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндік беретін заң жобасына да атсалысты.