Депутаттар зияткерлік меншік саласындағы заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды

10 Желтоқсан 2021, 15:20
1307
Бөлісу:
Депутаттар зияткерлік меншік саласындағы заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламентінің депутаттары зияткерлік меншік мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды. Бұл туралы Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова айтты. 

Вице-министрдің сөзінше,  депутаттар ұсынған түзетулер ұжымдық ұйымдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, «географиялық көрсеткіш» жаңа өнеркəсіптік меншік объектісін қорғауды енгізуге, тіркелмеген өнеркəсіптік үлгілерге қатысты қысқа мерзімді қорғауды енгізуге бағытталған. Сондай-ақ түзетулер тауар таңбалары, географиялық көрсеткіштер жəне тауар шығарылған жердің атаулары бойынша «оппозициялық» жүйені енгізуге, патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін реттеуге көмектеседі. 

Қазақстанның заңнамасына «географиялық көрсеткіш» жаңа ұғымын енгізу – географиялық көрсеткіштерді тауарлар шығарылған жерлердің атауларынан бөлек тіркеуге мүмкіндік береді. Аталған өнеркəсіптік меншік объектілері бойынша ҚР-ның екі жеке мемлекеттік тізілімі жүргізілетін болады. Географиялық көрсеткіштер мен тауар шығарылған жерлердің атауларын бөлек қорғауды ұсыну отандық өндірушілердің құқықтарын іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді жəне ұлттық брендтеуді дамытуға оң əсер етеді, - деді ол.

Бұдан бөлек, тауар белгілерін, географиялық көрсеткіштерді жəне тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге өтінімдерді қарау сатысында қарсылықтар енгізу мүмкіндігі –  «оппозициялық» жүйе ұсынылып отыр. Бұл əлемдегі жетекші елдердің тəжірибесі негізінде жасалды.

Ақерке Ахметованың айтуынша, өзгерістер 2018 жылы іске асырылған заңнамалық түзетулерден кейінгі келесі қадам болып табылады. Бұл осы объектілерді тіркеуге байланысты даулар санын азайтуға ықпал етеді жəне зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын сақтауды жəне қорғауды жетілдіруге мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы