Депутаттардың "ұйықтап отыратын" әрекеті келмеске кетуі керек – саясаттанушы

13 Тамыз 2020, 19:13
3716
Бөлісу:
Депутаттардың "ұйықтап отыратын" әрекеті келмеске кетуі керек – саясаттанушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жаңадан сайланған сенаторлар Қазақстан халқына қажетті заңдарды қабылдайды деп сенім артуға болады. Депутаттар жайлы ақпарат аз, дегенмен алдағы уақытта олар өздерін көрсетуге тиіс. Себебі, қазір халық сенаторлардан да, депутаттардан да үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, халықаралық саясаттанушы Сайфулла Сапанов тілдесу барысында айтты.

Саясаттанушы елдегі Сенат депутаттарының сайлауы өте маңызды шараның бірі екенін айтты.

Әлемде болып жатқан өзгерістер өркениетті деп саналатын мемлекеттердің өздеріндегі саяси жүйенің тұрақсыздығын көрсетіп отыр. Оған мысалға АҚШ-та болып жатқан өзгерістерді, тіпті Ресейдің федералдық билігіндегі Хабаровскіде болып жатқан оқиғалар, Беларусьтегі соңғы президенттік сайлаудың барлығы саяси жүйенің тұрақтылығы қаншалықты маңызды екенін және вертикалды биліктің қаншалықты маңызы бар екенін дәлелдеп отыр. Осы тұрғыдан Қазақстан Республикасы үшін 12 тамызда өткен Сенат депутаттарының сайлауы маңызды әрі саяси науқан деп қабылдау керек. Әрине, бұл жерде біз бұны саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде қарастыруымыз керек. Тәуелсіздік алғалы бері жалпы Сенат, Мәжіліс депутаттарын сайлау үлкен белсенділікпен өтеді және ешқандай заңбұзушылық орын алған емес. Сондықтан бұған үлкен саяси науқан ретінде қарау керек, - дейді ол. 

Сондай-ақ, ол бұл сайлау қазіргі пандемия кезінде байқалған саяси жүйедегі, экономикадағы кемшіліктерді дұрыс заңдармен реттеу, қажетті заңдарды қабылдау үшін қажет деген ойда. 

Парламент Сенатының сайлауы халық назарынан тыс қалған жоқ, БАҚ арқылы мәлімет алып отырдық. Сайлауға қазіргі пандемия жағдайына байланысты белгілі дәрежеде өзгерістер енгізілді. Дегенмен, Конституцияға сәйкес өтті. Сенат депутаттарын Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс арқылы сайлайды, міне осы процедура сақталды. Жалпы Сенат заң шығарушы маңызды құрылым. Мәселен, Президенттің ұсынымымен Жоғарғы сот, Ұлттық Банк, Қауіпсіздік комитеті төрағасын тағайындайды, - дейді Сайфулла Сапанов. 

Сонымен қатар, ол жаңадан сайланған сенаторлар Қазақстан халқына қызмет етіп, қажетті заңдарды қабылдайды деген сенімін білдірді. 

Депутаттар жайлы ақпарат аз, дегенмен алдағы уақытта олар өздерін көрсетуі тиіс. Себебі, халық қазір сенаторлардан да, депутаттардан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Пандемияға дейінгі депутаттардың ұйықтап отыратын әрекеті келмеске қалу керек. Қазіргі жағдай олардан үлкен белсенділік пен әрекетті талап етеді. Жаңадан сайланған Сенат депутаттары осы үдеден шығады деп ойлаймын. Өйткені халық оларға сенім артып отыр, - дейді саясаттанушы. 

Оның айтуынша, депутаттар қазіргі пандемия жағдайында халықтың денсаулық мәселесіне үлкен мән беріп, жұмыс жасауы қажет. 

Өйткені саяси жүйедегі кей олқылық жөнделмесе, оның арты тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан бізге реформаларды жүзеге асыру үшін және жаңа экономикалық саясатты жүргізу үшін тұрақтылық керек. Күн тәртібіне халықтың болашағы тұр. Сайланған депутаттар жеке басының емес, халық үшін қызмет атқарады деген сенімдемін, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы