Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Палата бюросының отырысын өткізді. Онда депутаттар 15 ақпан күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін талқылап, бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соған сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Ол жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.
Атап айтқанда, депутаттар бастамашы болған заңда халықтың қажеттілігіне арналған жайылымдық жерлерді ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салатын нормалар қарастырылған.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлардың «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қызметі туралы депутаттық сауалы бойынша Көлік министрі Марат Қарабаевтың ауызша жауабы тыңдалады.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру стратегиялық міндет деп белгілеп бергенін атап өтті. Осыған байланысты Палата отырысында азаматтар мен кәсіпкерлер жиі көтеріп жүрген жолаушылар тасымалы, жүк тасымалы, тарифтік саясат және тағы басқа маңызды мәселелерге баса мән беріледі.