Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы палатаның жалпы отырысында Энергетика министріне былтырғы жылы Екібастұз қаласында орын алған апатты жағдайға қатысты депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бүгінде апаттың салдарымен күресіп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі бізді толғандырып отырған мәселе - Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының жылу мәселесі. 73 мыңдай халық тұратын шаһар бүгінде Ақсу ферроқорытпа зауытының қазандығы арқылы жылытылып келеді. Алайда ондағы қазандықтардың тозығы жетіп тұрғандығы жасырын емес. Оған қаланың ескірген ішкі жылу жүйесін тағы қосыңыз. Алда-жалда апат бола қалса, Екібастұздың күйіне түсуі мүмкін екендігін ескертеміз, - деді депутат.
Сөзінше, 2017 жылы қалаға жеке қазандық салу жұмысы басталған. «Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің» тапсырысы бойынша құрылыс жұмыстарына 10 млрд 698 млн теңге бөлінген.
Алайда қаржы жекіліксіз деп танылып, осы уақытқа дейін жалпы алғанда 12 млрд-қа жуық қаражат жұмсалды. Бірақ, салынып бітіп, іске қосылған қазандық жоқ. Қала шетіне бой көтерген нысан мердігерден-мердігердің, субмердігердің қолына өткен түсініксіз нысан болып әлі тұр. Енді ел бюджетінен миллиардттаған қаражат жұмсалған құрылыс үшін кім жауап береді? Бұл арнайы тексерісті жеке қарауды қажет ететін сауал, - деп айтты Жарқынбек Амантайұлы.
Депутаттар Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін деген қауіппен дабыл қақты.
Арнайы шаралар қабылданып, мәселе шұғыл шешімін табуы керек. Ендігі кезекте мәселені түбегейлі шешу үшін министрлік жанынан шұғыл түрде арнайы комиссия құрылуы қажет. Шаһардың жылу жүйесіндегі мәселелер жедел сарапталып, оның түпкілікті шешілу жолы айқындаулы керек деген ойдамыз, - деді мәжілісмен.