Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев елімізде архив саласындағы кадр тапшылығы мен осы сала қызметкерлеріне төленетін үстемақы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бұл проблема әсіресе ауылдық жерлерде өткір сезіліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде архив қызметкерлерінің жетіспеушілігі – жасырын мәселе емес. Жалақының төмен болуына байланысты салаға жас мамандар келе бермейді. Ал қазіргі қызметкерлердің басым бөлігі зейнет жасына жақындап қалған, – деді депутат.
Серік Ерубаев атап өткендей, жаңа заң жобасында ауылдық жерлерде жұмыс істейтін архив мамандарына арнайы үстемақы төлеу көзделген. Бұл тетікті іске асыру құзыреті жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Бұл тәсіл – мұғалімдер мен дәрігерлерге қолданылып жүрген тәртіпке ұқсас.
Осыған байланысты депутат вице-министрден үстемақы мөлшері қандай болатынын, ол нақты кімдерге тағайындалатынын және жас мамандарды тарту және сала беделін арттыру үшін қандай қосымша ынталандыру шаралары қарастырылып жатқанын сұрады.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бұл сұраққа жауап бере отырып, бұған дейін де мұндай норма болғанын, алайда заңда “архивші” мамандығы нақты көрсетілмегендіктен, өңірлерде ол толық іске аспағанын түсіндірді.
Кейбір облыстар архивистерге үстемақы төлеуде қиындыққа тап болды. Аудиторлық тексерулер кезінде бұл бойынша бірнеше факт тіркелген. Сондықтан біз бұл норманы қайта қарап, қазір заң деңгейінде бекітіп отырмыз, – деді вице-министр.
Жаңа заң бойынша архив қызметкерлері 25 пайыз көлемінде үстемақы алады.
Сондай-ақ Айбек Сыдықов жастарды салаға тарту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Бүгінде архив мамандарын дайындайтын санаулы оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Бұл оқу орнында жыл сайын 20-25 грант бөлінеді, бакалавриат және магистратура деңгейінде.
Алайда вице-министрдің айтуынша, архив мамандарын ауылдық жерлерде тұрғын үймен немесе басқа да әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету әзірге қарастырылмаған. Дегенмен сала бойынша кадр даярлау ісі жалғасып жатыр.