Мәжіліс отырысында депутат Асхат Рақымжанов бұрынғы қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланысына қатысты деректерді тексеруді талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, АҚШ-тағы атышулы іс бойынша жарияланған құжаттарда сотталған Кәрім Мәсімовтің есімі бірнеше рет аталады. Жазбаларға сәйкес, ол Эпштейнмен жеке таныс болған.
Неге жоғары лауазымды қазақстандық шенеунік Эпштейнмен кездесуге бастамашы болды? Бұл кездесулер қай жерде өтті? Сол атышулы аралда болған жоқ па? – деді Асхат Рақымжанов.
Ол сондай-ақ шетелдік БАҚ-та Джеффри Эпштейн мен Қайрат Келімбетовтің Нью-Йоркте бірге демалғаны туралы ақпарат тарағанын еске салды. Депутат Келімбетовтің сол кезеңде Премьер-министрдің орынбасары және Ұлттық банктің төрағасы болғанын атап өтті.
Келімбетовке бұл кездесулер не үшін қажет болды? Әлде бастаманы Эпштейннің өзі көтерді ме? – деді ол.
Мәжіліс депутатының сөзінше, жарияланған хат алмасуларда Мәсімов пен Келімбетовтің Эпштейнмен байланысы, жеке сәлем жолдаулар, түрлі ортақ іс-шаралар туралы айтылған. Сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты жоғары лауазымды генерал жайлы да сөз қозғалған.
Бұл кім? Тағы да сол Мәсімов болуы мүмкін бе? – деді депутат.
Оның мәліметінше, құжаттарда Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет келгені де көрсетілген. Депутат Эпштейн халықаралық деңгейде кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау желісін ұйымдастырды деп айыпталғанын, сондықтан қазақстандық шенеуніктердің онымен кез келген байланысы қоғамда заңды сұрақ тудыратынын айтты.
Асхат Рақымжанов мынадай сауалдар қойды:
– Эпштейн Қазақстанға қандай мақсатпен жиі келген?
– Ол сол кезеңдегі қай жоғары лауазымды тұлғалармен байланыста болған?
– Қызметтік ақпараттың таралуына жол берілді ме?
– Мемлекеттік шешім қабылдайтын тұлғаларға сыртқы ықпал арналары қалыптасты ма?
– Байланыстар сол кездегі ел басшылығының келісімімен жүзеге асты ма?
Депутат АҚШ-та қаза тапқан қазақстандық модель Руслана Коршунованың есімі де іс материалдарында аталғанын еске салды.
Қоғам ел тағдыры кімдердің қолында болғанын және ол күмәнді ортада саудаға түспегенін білуге құқылы, – деді ол.
Ол уәкілетті органдардан аталған тұлғалар мен олармен байланысты адамдарға қатысты ақпаратты, кездесулердің сипаты мен мақсатын тексеруді, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке ықтимал қатерлерге құқықтық баға беруді сұрады.
Еске салайық, ақпан айының басында АҚШ Әділет министрлігі Эпштейн ісіне қатысты жаңа құжаттар пакетін жариялаған болатын. Құжаттарда Қазақстан 400-ден астам рет аталады. Сонымен қатар, 2019 жылғы сапар барысында «мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты генералмен» кездесу туралы дерек бар екені хабарланған.