Депутаттар энергетикалық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды ұсынды

9 Наурыз 2022, 14:28
1514
Бөлісу:
Депутаттар энергетикалық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы мүшесі, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков елдің Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа энергетикалық қауіпсіздікке қатысты депутаттық сауал жолдады.

Оның сөзінше, энергетикалық қауіпсіздік – Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі. 

Алайда ол тиісінше шешіліп отырған жоқ. Қазақстан дамыған елдермен қатар декарбонизациялауға қадам басты. Бірақ дәстүрлі энергетиканың тұрақты жай-күйі қамтамасыз етуді назардан тыс қалдырды, - деп айтты Ахметбеков.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы сайлаушылармен кездесу барысында электр энергиясының жиі өшірілуіне шағымданушылар көп екенін аңғарды. Электрмен жабдықтау мәселесіндегі іркіліс азаматтардың өмір сүру сапасын нашарлатып қана қоймайды, кәсіпкерлерді шығынға ұшыратады

Күзгі-қысқы кезеңде өңірлердегі бірқатар жекелеген станцияларда апат орын алды. Салдарынан аймақтар жарықтан ажыратылды. Төтенше жағдай елдің негізгі энергия объектілерінде – Екібастұз ГРЭС-1 мен Екібастұз ГРЭС-2 - де орын алды. Петропавл қаласындағы ЖЭО-2-де бірнеше ірі апат орын алды. Солтүстік Қазақстан облысының барлық аумағында электр энергиясы өшірілді. Ал облыс орталығының тұрғындары жылусыз отырды. Жезқазған ЖЭО-дағы төтенше жағдай қаланың жартысына жуығын электр энергиясынсыз қалдырды. Теміртау қаласының жылу желісіндегі олқылық қаланы жылумен қамтамасыз етуге кедергі келтірді, - дейді депутат.

Жамбыл Ахметбековтың айтуынша, қазір электр және жылу энергиясын беру ісінде іркіліс жоқ өңірді атау қиын. Жабдықтар мен желілердің жағдайы сын көтермейді. Өткен жылмен салыстырғанда апат саны едәуір артты. Жылу мен жарық берудегі тұрақты іркіліс экономика мен әлеуметтік салаға зиян тигізіп жатыр. Бұл жағдай аяқ астынан туындап жатқан жоқ. Алдын алу шаралары дұрыс жүргізілмей жатыр.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы Қазақстанға КСРО-дан мұраға қалған кеңестік инфрақұрылым өз ресурсын сарқып болды деп санайды. Бұл ретте энергетикалық қауіпсіздікке нақты жауапты органдар мен лауазымды тұлғалар жоқ. Мұндай функционал уәкілетті орган болса да, Энергетика министрлігіне де берілмеген. Ұзақмерзімді жоспарлау мен саланың стратегиялық ұстанымы белгісіз. Барлық жоспарлау келесі жылыту маусымына дейін ғана жүргізіледі, - деп атап өтті ол.

Айтуынша, елдің энергетикалық қауіпсіздігінің нақты критерийі мен индикаторы жоқ. Күш-жігер мен бюджет қаражаты «Жасыл энергетика» саласындағы әдемі жобаларды іске асыруға жұмсалады. «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы», «Самұрық Грин Энерджи» (Samruk-Green Energy) жұмыс істейді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы сутекті ЖМҚС бойынша жобаларды жүзеге асырады.

Мұның барлығы маңызды, бірақ озық шетелдік технологиядан тым алыс. Бізде энергетика саласында инновациялық төл өнім өндірілмейді. Салдарынан технологиялық тұрғыда артта қалып келеміз. ҚХП фракциясы іс-шараларды айқындау және оны іске асыру шараларын қабылдау үшін энергетикалық қауіпсіздік мәселесі жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды ұсынады, - дейді Мәжіліс депутаты.

Депутаттық сауалды қарауды және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен жазбаша нысанда жауап беруді сұраймыз.

Өзгелердің жаңалығы