Депутаттар ел ағаларына үндеу жасады

20 Наурыз 2024, 15:39
613
Бөлісу:
Депутаттар ел ағаларына үндеу жасады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары ел ағаларына үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үндеуді депутат Жанарбек Әшімжанов оқып берді.

Ұлт болып ұйысу, жұрт болып жұмылу жолында зиялы қауым өкілдерінің атқарар рөлі бөлек. Күні кеше Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Ел ағалары ауызбіршілікті және ұрпаққа өнегелі болуы керек”, - деп ұлт зиялыларына өз қайырылуын жасады. Сол құрылтай төрінде мені қоғамымызда айрықша орны бар, сөз бастаса халықты ұйытар шешен, көш бастаса елді ертер көсем, руханият әлеміндегі әйгілі тұлғалардың бүгінгі кескін-келбеті мен жауапкершілігі қатты ойландырды. Осы орайда “Қазақ оқығанын сыйлайды, соңынан ереді. Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығаны” деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі ойға оралады. Қай дәуірде де, қандай тарихи кезеңде де қоғамның негізгі қозғаушы күші – зиялылар, - деп айтты Жанарбек Әшімжанов.

Сондай-ақ депутат тарихқа үңілді.

Есімі елге мәшһүр бүгінгі кейбір тұлғаларымыз, ақсақалдарымыз, тарихшыларымыз, жазушыларымыз ай-күннің аманында болары болып, бояуы сіңген түрлі оқиғалар туралы айтысып, тартысып, Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерін қағыстырып, қыл аяғы Шыңғыс ханның тегіне таласып өспейтін елдің баласындай өнбейтін дауды қуып, “өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін” бірінің қолы бірінің жағасында жүрген жағдайларды ақпарат құралдары мен әдеуметтік желілерде аз көріп жүрген жоқпыз. Президент соны меңзесе керек. Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановты, Сәкен Сейфуллин мен Алашорданы, Мағжан Жұмабаев пен Сәбит Мұқановты, Дінмұхамед Қонаев пен Жұмабек Тәшеновті бір-біріне қарсы қойып, елдің ішін алатайдай бүлдіріп, бөліп-жару кімге қажет? Олардың бағы мен сорын, бары мен жоғын жарыстырғаннан бүгінгі ұрпаққа қандай үлгі? Қандай өнеге?., – дейді мәжілісмен үндеуінде.

Депутат әр тұлғаның өз биігі бар және бір тұлғаны көтеру арқылы екінші тұлғаға көлеңке түсірудің түкке керегі жоқ екенін айтады.

Бүгін тұлғаларды жарыстыратын, алыстыратын заман емес, ұлттық мұраттарды табыстыратын заман. Қазақ халқы тағдыршешті сәттерде Абайға, Абай жазып қалдырған жалғыз кітапқа жүгініп отырған. Ұлт зиялылары ұлы ойшылдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзін асқан жауапкершілікпен сезінетін сәт келді, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы