Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Парламентте бесінші парламенттік сессияны аяқтаған палаталардың бірлескен отырысы өтті.
Бұл сессияда палаталардың 3 бірлескен отырысы өткен. Мәжілістің 41 жалпы отырысында 296 мәселе қаралса, Сенаттың 25 жалпы отырысында 165 мәселе қаралыпты. Бесінші сессия кезінде қос палатаның қарауында 161 заң жобасы болған, оның 98-і қабылданыпты.
Парламент қабылдаған 86 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жалпы отырыста талқылау барысында экономикалық өсудің басты факторы бөлінетін қаражат көлемі мен оларды игеру емес, тиімді жоспарлау мен нақты нәтижелерге қол жеткізу болып табылатынын атап өтті.
Осы сессияда депутаттар өздері бастамашы болып, 35 заң жобасын әзірледі. Олардың 12-сі қазірдің өзінде қабылданып, 23-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Өткен сессияда Парламент қабырғасында 13 үкіметтік сағат, 5 парламенттік тыңдау, 20 "дөңгелек үстел", комитеттердің 27 көшпелі отырысы және 2 конференция өтті.
Парламенттік тыңдаулар, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, Қазақстанның су қауіпсіздігі, заң шығару процесін одан әрі жетілдіру сияқты мәселелерге арналды. Сессия жұмысы кезеңінде Парламенттің қос палатасының депутаттары 308 депутаттық сауал (оның 204-ін Мәжіліс депутаттары, 104-ін Сенат депутаттары) жолдады. Осы сессия барысында Парламент депутаттарына азаматтардан шамамен 9733 хат келіп түсті. Олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралды.
Қазіргі уақытта Парламент қоржынында 61 заң жобасы бар.