18 маусымда Киевте тұратын журналист Айдос Садықовты үйінің жанында әлдебіреулер атып кетті. Ол қазір ауруханада жатыр. Бүгінде журналист Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа Қазақстан билігінің қатысы бар деген ақпараттар әлеуметтік желілерде тарап жатыр. Осы жағдайға қатысты еліміздегі депутаттар мен қоғам белгенділері пікір білдіруде.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің пікірінше, бұл арандату әрекеті болуы да мүмкін.
Айдос Садықовқа жасалған қастандық жағдайы Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Президент 19 маусымда осы іс бойынша мәлімдеме жасады. Президен біздің қоғамдағы барлық қайшылықтар мен келіспеушіліктер тек құқықтық шеңберде, қолданыстағы заңнама негізінде, негізгі халықаралық стандарттарға сәйкес шешілуі тиіс деп мәлімдеді. Қазақстанның Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктеріне тиісті тапсырма берді. Ақиқатқа жетудің барлық амалдарын украин билігімен, тіпті интерполды тарта отырып жасауды тапсырды. 2024 жылдың 18 маусымында Киевте журналист Айдос Садықовтың өміріне қастандық жасалғаны белгілі. Қазір осы оқиғаға байланысты бірқатар деректер мен ақпараттар шығып жатыр. Бүгін Украинаның Бас прокуратурасы журналист Айдос Садықовты өлтірмек болды деген күдікпен Қазақстанның екі азаматына іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Оларға тапсырыспен және адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қасақана кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша айып тағылған көрінеді, - дейді сенатор.
Бұл жерде басы ашық бір нәрсе – Айдос Садықовтың Қазақстан азаматы екендігі. Көк түсті төлқұжат иесі – мейлі ол кім болса да, қандай салада жүрсе де еліміздің азаматы. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының тағдырына бей-жай қарай алмайды. Сол себептен де Қазақстан тарапынан жасалып жатқан шаралардың бәрі бұл істі ашық және барынша бұрмалаусыз жүргізуге бағытталған.
Осы орайда «Қастандық жасауға Қазақстан азаматтарының қатысы болуы мүмкін» деген ақпараттың өзіне барынша мұқият қараған дұрыс секілді. Еліміздің Ішкі істер министрлігі бұл ақпараттың анық-қанығын анықтауға кіріскенін мәлімдеді. Бәлкім, бұл арандату әрекеті болуы да мүмкін ғой...Қалай болғанда да алдын-ала дабыра жасап, істің түлкібұлаңға созылып кетпеуін қадағалаған дұрыс. Өз азаматтарының қамын ойлау тұрғысында біздің ел тарапынан жасалып жатқан шаралар өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Халықаралық деңгейдегі мұндай қылмысты оқиғаларды ашық та анық зерттеу ісінде Қазақстан басқа елдерге үлгі бола алады. Қазақстанның Бас прокуратурасы да Айдос Садықовты өлтіруге оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. Қылмысты ашуға және күдіктілерді ұстауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізетін тергеу-жедел тобы құрылып, жұмыс істеп жатыр, - деді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.
Сондай ақ Сенат депутаты Алишер Сатвалдиевте осы оқиғаға қатысты өз пікірін айтты.
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Украина астанасында А.Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеу амалдары Мемлекет басшысының жіті бақылауында екенін хабарлады. Қазақстандық құқық қорғау органдары қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар жүргізу, күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдау бойынша жұмыстар атқаруда. Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс атқару қолға алынған. Бір сөзбен айтқанда біздің тараптан атқарылуы тиіс шаралардың барлығы Президенттің бақылауымен жүргізілуде. Екінші тараптан халықты арандатуға тырысқан теріс пиғылдылардың белсенділігі де байқалады. Шын мәнінде бүгінгі күнде әлемде орнаған халықаралық шиеленістердің Қазақстанды айналып өтпегенін көрудеміз. Бізге қарсы арандатудың ең лас әдістері қолданылып жатқанын пайымдау қиын емес. Ең өкініштісі, өз пиғылдарына жету жолында адам өмірін қию сынды ең ауыр күнәға барудан да тайынбайтындары. Бұл сынақтан өту, манипуляция әрекеттерінің құрбаны болып қалмау, ең бастысы ұйыған ұямыздың шырқын бұзып алмауымыз үшін тек дәйекті ақпараттарға сенуіміз қажет, - дейді депутат.
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай да журналист ретінде Президенттің оқиғаға бірден көңіл бөліп, ең жоғары деңгейде бақылау жасауын жоғары бағалап отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы Киевте болған қастандық әрекетке қатысты мәлімдеме жасап, шетелдегі қазақстандық азаматтың хұқығы қорғалуына және жедел іздестіру мен тергеу жұмысына барынша жағдай жасалуын өзі бақылауға алғанын мәлімдеді. Журналист ретінде мені ел Президентінің оқиғаға бірден көңіл бөліп, ең жоғары деңгейде бақылау жасауы қуантады. Ия, журналист кәсібі қашанда аса қауіпті мамандықтар санатында екенін көпшілік біледі. Және дәл журналистерді әртүрлі сыртқы-ішкі саяси-қаржылық топтар әртүрлі мақсаттарда пайдаланып жататыны бесенеден белгілі, - дейді Бибігүл Жексенбай.
Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде демократиялық үлкен оң өзгерістер мен заңның үстемдігіне, Конституцияның нормалары мен қағидаттарына баса назар аудару тек қағаз емес, нақты іс жүзінде жүзеге аса бастағанын көзі қарақты, көкірегі ояу көпшілік біледі. Түйсінеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық-құқықтық қағидаттарының жақтаушысы екенін өзіміз де, өзгелер де көріп отыр. Қатыгездік пен қастандық қазіргі Қазақстан билігі үшін жанаспайды. Тіпті оның қажеттігілігі мен пайдасы жоқ та ойламаймын. Күні кеше Мемлекет басшысы қол қойған “Масс-медиа” туралы Заң керісінше, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы мен биліктің ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктерді барынша қамтып отыр. Ендеше, Қазақстанның мемлекеттік билігі жүйесінде жүріп жатқан оң трансформацияны көре алмай, елдің беделін түсіруге тырысатындар үшін Қазақстанды кінәлі ету тиімді, - дейді депутат.
Ол журналист ретінде, ақпарат айдынындағы, әлеуметтік желідегі ой-пікірлерді қарап жүретінін де айтты.
«Бәсе» ютуб бағдарламасын мезгіл-мезгіл көретінімді жасырмаймын. Қазақстан ондай арналарға тыйым салған емес. Рас, журналистік ақпарат беру тәсілдері қызықты болса да, кей кездері белгілі бір мүдделер тапсырмасына орай жасалатын материалдардың “құлағы” едірейіп тұратыны бар. Мен кейбір нәрселермен кейде келісемін, кейде келіспеймін, бірақ демократиялық қоғамда алуан түрлі пікірлердің болуы керек деп есептеймін. Бүгінде “билікті сынау монополиясы” тек әлеуметтік желіге, түрлі ютуб арналар еншісінде емес. Қазір дәстүрлі медиада да, тіпті Парламент мінберінен де сын күнара айтылып жатыр. Және құрғақ сын емес, нақты ұсыныстар мен мәселелерді шешу жолдары да айтылатыны бар. Қазіргі аудиторияның саяси сауаттылығы артқан сайын ақпараттық талғам да өзгеруі - заңдылық. Сондықтан байбаламы көп ютуб арналар аудиториясы сиреуі де заңдылық. Мұны айтып отыруымның негізгі себебі - бәз біреулер байбалам салып, мемлекеттік билікке күйесін жаққысы келуі мүлде миға қонымсыз жәйт, - деді ол.
Айтуынша, бір ұлт - бір мүдде жолындағы Қазақстанның салмақты ұстанымы кейбіреулерге ұнамайды. Елге қысым жасап, ұлттық мүддеден ауытқуға мәжбүрлеу әрекеттері әлі де жалғасуы да ықтимал. “Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында”деген халқымыз. Азаматтарымыздың қазіргі уақытта өте сенімді бейне және аудионы жасауға мүмкіндік беретін манипуляциялық технологияларға берілмеуі де аса маңызды.
Ал, журналист Айдос Садықов Қазақстан азаматы болғандықтан Конституцияның 18-бабына сәйкес – «Республика өз азаматтарын өз шекарасынан тыс жерде қорғауға және қамқорлыққа алуға кепілдік береді» және де Украинаның еліміздің құқық қорғау органдарына көмек көрсетіп жатқанына ризашылық білдіреміз. Бастысы, жерлесіміздің денсаулығы тезірек оңалуын тілейміз. Ал, тергеу аяқталғанша, асығыс қорытынды жасамау бәріміз үшін маңызды, - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.