Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қонаев қаласында Алматы облысы мәслихатының алғашқы сессиясы өтіп жатыр.
Жиын барысында үкімет басшысы Әлихан Смаилов президент өңірді басқаруға екі үміткердің кандидатурасын ұсынынып отырғанын атап өтті. Олар Марат Сұлтанғазиев пен Батыржан Байжұманов.
Марат Сұлтанғазиев 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасының бірінші Қаржы вице-министрі қызметінде. Ал, Батыржан Байжұманов Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымында болған.
Үміткерлер депутаттарға таныстырылған соң екеуі кезекпен облысты дамыту бойынша өздерінің бағдарламаларын таныстырды.
Дауыс беру кезінде Алматы облысы мәслихатының депутаттары Марат Сұлтанғазиевтің кандидатурасын қолдады. Байжұманов 59, Сұлтанғазиев -129 дауыс жинады.
Жиынға Алматы облысындағы 203 мәслихат депутатының 188-і қатысты.
Облыс активіне Марат Сұлтанғазиевті таныстыра отырып, Әлихан Смайылов ҚР Президенті өңір басшылығының алдына бірқатар маңызды міндеттер қойғанын, оның ішінде облыстың басқару органдарын Қонаев қаласына көшіру, одан әрі экономикалық даму және әлеуметтік проблемаларды шешу жөніндегі міндеттерді белгілеп бергенін атап өтті.
Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсарту. Ол үшін жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Облыс әкімі ірі инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және қолданыстағы индустриялық аймақтардың әлеуетін барынша пайдалануға ерекше назар аударуы керек, — деді Премьер-Министр.
Айта кетсек, жаңадан құрылып жатқан Алматы облысында 1 млн 400 мың шамасында халық бар.