Депутаттар алкоголь сатуға тағы шектеу енгізуді ұсынды

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві
Фото: BAQ.KZ архиві

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкогольдің салдарынан болып жатқан қоғамдағы проблемаларға назар аударып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол адамның ресурсы – мемлекет үшін ең қымбат актив екенін атап өтті, алайда алкогольдің көп жағдайда қылмыстардың туындауына себеп болып отырғанын айтты.

Ішімдік жағдайында жасалатын қылмыстар өте көп. Әр екінші кісі өлтіру, әр үшінші зорлық-зомбылық және бұзақылық оқиғалары алкогольдің қатысуымен жасалады. Сондай-ақ әр төртінші ұрлық, жол-көлік апаты және отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғалары да осыған байланысты, – деді депутат.

Магеррам Магеррамовтың айтуынша, әсіресе жасөспірімдер арасында алкогольді тұтыну қоғамдағы тәртіп бұзушылыққа апарады. Қазіргі кезде сатушылардың барлығын бақылау мүмкін болмағандықтан, алкогольді 18 жасқа толмағандарға сатуға ешкім кепілдік бере алмайды.

Депутаттың пікірінше, қылмыспен күресті оның негізгі себебінен бастау керек:

  • Алкоголь өнімдерін мектептер мен білім беру ұйымдарының айналасынан 100 метр радиуста сату шектеулі болуы тиіс.
  • Сауда орындарының санын шектеу қажет.
  • Алкоголь өнімін барлық сатылым кезеңінде бақылау үшін міндетті түрде маркалау енгізілуі керек. Бұл заңсыз сатылымдарды анықтауға және қылмыс алдын алуға көмектеседі.

Депутат Үкіметке мына ұсыныстарды жасады:

  1. Алкогольді міндетті түрде цифрлық маркалауға енгізу.
  2. Алкоголь сатуға рұқсат етілген нақты сауда орындарын белгілеу, басқа жерлерде сатуға тыйым салу.
  3. Сауда орындарында алкоголь сатуды кешкі 20:00-ден кейін шектеу.
  4. Кафе, мейрамхана сияқты көңіл көтеру орындарында алкоголь сатуды 22:00-ден кейін шектеу.
  5. Онлайн-сатуға толық тыйым салу.
  6. Мәдениет және ақпарат, білім, ғылым және денсаулық сақтау министрліктеріне жастар арасында алкоголь зиянына қарсы біртұтас алдын алу бағдарламасын әзірлеу.
Өзгелердің жаңалығы