Депутат: Жылу энергиясының тапшылығы артып келеді

17 Ақпан 2023, 10:44
1941
Бөлісу:
Депутат: Жылу энергиясының тапшылығы артып келеді
Фото: sputnik.kz

Бұл туралы депутат Серік Шайдаров бүгін Сенатта өтіп жатқан Парламенттік тыңдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Айтуынша, елдегі жылу энергиясын өндіру, тарату және жабдықтау саласындағы жағдай сыни деңгейге жеткен. 

Жыл сайын артып келе жатқан жылу электр орталығы жабдықтарының орташа тозу деңгейі 66%-ға жетті. Еліміздің әрбір екінші жылу электр орталығының тозуы 19-дан 37-ге теңесіп, орташа республикалық көрсеткіштен асып, жекелеген өңірлерде 92%-ды құрайды. Жылумен жабдықтау секторында да осындай жағдай қалыптасуда. Қазіргі уақытта 3 мың шақырымнан астам жылу желілерін ауыстыру қажет, яғни олардың жалпы ұзындығынан шамамен 30%  (барлығы-12 мың км). Бұл ретте жылу желілерін жаңғырту жөніндегі жобаларды жеткіліксіз қаржыландыру үрдісі байқалады, - деп атап өтті сенатор. 

Сонымен қатар сенатор жылу энергиясы тапшылығы күн санап көбейіп келе жатқанын айтты. 

Жылу энергиясының жеткіліксіздігі проблемасы артып келеді. Елорданы дамыту жөніндегі жақында өткен кеңес барысында Мемлекет басшысы бұл мәселеге назар аударып, Астана қаласында жылу энергиясының тапшылығы 300 гигакалориядан асатынын атап өтті. Осындай проблема Жезқазған, Семей, Тараз, Павлодар сияқты қалаларға да тән. Барлық осы проблемалардың басты себептерінің бірі – ол олигополия және жылу мен электр энергетикасы кәсіпорындарының аффилиирленуі болып табылатынын атап өткім келеді. Жылу электр орталығының шамамен 60%-ы жекеменшікте. Олардың көпшілігі 1990 жылдары жекешелендіру барысында тым арзан бағамен сатып алынды, - деді Серік Шайдаров.

Белгілі болғандай, Қазақстанда 64% жылу энергиясын тек 5 компания өндіреді.

Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін Үкімет «Жылу энергетикасы туралы» Заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бірқатар маңызды новеллалардың болуына қарамастан, өкінішке қарай, қазіргі сыни жағдайды түзету үшін нақты шараларды қамтымайды. Яғни осы саланың барлық өзекті мәселелерін шешу бойынша нақты заңнамалық түсінік жоқ. Энергетика министрлігі әкімдіктердің жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарларын әзірлеу, тарифтерді көтеру және бюджет қаражатын бөлу арқылы жағдайды реттеуге тырысады. Сондықтан ел экономикасын монополиясыздандыру қажеттілігін ескере отырып, осы Заң жобасын ағымдағы сын-қатерлерге барынша бейімдеуді қамтамасыз ету қажет деп санаймыз, - дейді депутат. 

Өзгелердің жаңалығы