Депутат: Жолдауда көтерілген маңызды мәселенің бірі – ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы

1 Қыркүйек 2021, 17:04
4257
Бөлісу:
Депутат: Жолдауда көтерілген маңызды мәселенің бірі – ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауын жасады. Осыған қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров пікір білдірді.

Жолдауда еліміздегі түйінді әлеуметтік мәселелерді шешудің, экономиканы сапалы өсірудің тың жолдары анықталды. Елімізде саяси реформалар жүзеге асырыла береді, - деді депутат.

Саиров Жолдауда айтылған маңызды мәселелерге жеке-жеке тоқтала кетті.

1. Ауыл әкімдерінің сайлауы аяқталғаннан кейін, 2024 жылы аудан /пилоттық жағдайда/ әкімдерінің сайлауы өтеді. Сонымен қатар әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квотаны депутаттық мандаттарды бөлген кезде сақтау заң бойынша талап етіледі. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға партиялық квота белгілеу айтылды.

Бұл - өте өзекті мәселе! Яғни саяси реформалар өзінің жалғасын табады деген сөз. Мемлекеттік тіл жөнінде де тұшымды ойлар айтылды. Қазақстанда жалғыз ғана мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік тілді біліп, меңгеру әрбір қазақстандықтың парызы және міндеті. Мемлекет қазақ тілінің қолдану аясын арттыруды жалғастыра береді. Бұл қадамдар диалог пен келісім режимінде іс жүзіне асырылуы тиіс, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

2. Бұл Жолдауды пандемия жағдайында халқымыздың әлеуметтік жағдайын тұрақты ұстап тұрып, жақсартудың күре жолы деуге болады. Жолдауда көтерілген маңызды мәселенің бірі - ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы.

Eң төменгі жалақы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 60 мың теңгеге өседі. Бұл шара еліміздің 2 млн азаматының өмір стандартының өсуіне алып келеді, - деген пікір білдірді ол.

3. Мәдениет қызметкерлері, мұрағат саласы, кітапханашылардың жалақысы 2025 жылға дейін жылына 20 пайызға өседі.

Әкімшілік қызметкерлерінің жалақысын арттыру өте маңызды. Өйткені мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы артқанда бұл кісілер әрқашан кенже қалып отырды.

Енді осы күнге де жеттік, әкімшілік қызметкерлердің жалақысы өседі, - дейді Ерлан Саиров.

4. Елімізде 6,5 млн адам жалдамалы қызметкер. Осы азаматтардың жалақысын жүйелі түрде арттыру үшін бизнеске стимулдар жасалады.

Бұл да еліміздің халқының әлеуметтік стандарттарын арттырып, дамыту үшін үлкен қадам. Басты мәселе, саяси плюрализм, қоғамдық реформалар салмақты, салиқалы түрде, ыждағатты, эвролюциялық түрде жүруі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әділеттілік принциптері ең басты принцип және бағыт екендігін тағы айқындап берді, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Еске сала кетейік, Тоқаев халыққа Жолдауында ең төменгі жалақы деңгейін 42 500 теңгеден 60 мыңға ұлғайтуды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы