Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай халықты баспанамен қамтамасыз етудің тетіктерін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жастарға 5% пайыз алғашқы жарнамен және 5% пайыздық ставкамен ортақ бағдарлама керек. Әр өңірге әртүрлі атаумен бағдарлама ойластыра бергенше, бір ортақ бағдарлама жасалса игі. Ешкімді бөліп жармай, өз қаласында кем дегенде 1 жыл жұмыс өтілі бар 35 жасқа дейінгі жастардың барлығын қатыстырған жөн, - деп айтты депутат.
Наурыз Сайлаубай тұрғылықты жері туралы анықтаманы алып тастау керегін ұсынды.
Ал «прописка» сұрату талабын алып тастау қажет, себебі баспанасы жоқ жастар кімнің үйіне тіркеледі? Ел болашағы жастардың қолында дейміз, үй-күйі жоқ жастардан қандай болашақ күтеміз? Бұдан бөлек, әлеуметтің барлық санатына, яғни жалпыға ортақ арнайы бағдарлама қажет. Болашақта Отбасы банк арқылы жүзеге асырылатын «9-20-25» бағдарламасына жылына 150 млрд теңге бөлу жоспарланып жатыр. Бұл бағдарламаның алғашқы жарнасын 20% пайыздан 10% пайызға азайту керек. Алғашқы жарнаны жинау көп адамға оңай болмай тұр. Ал пайыздық мөлшерлемені 8% пайызға төмендетсек, халыққа тиімдірек болады, - деп есептейді мәжілісмен.
Сондай-ақ депутат алғашқы жарнаны пәтер алушыға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (ЕНПФ-тан) жақын туыстар арасында 50% пайыз қаражатқа дейін табыстауды рұқсат еткен дұрыс деп санайды. Оның айтуынша, мұндай туыстарға жұбайларды, ата-ана, туған бауырлар, бір әкеден н/е бір анадан туған бауырлар, немерелерді жатқызуға болады.
Ол бұған дейін үйді санатына қарамай, кезекке бірінші тұрғандарға беруді ұсынған болатын.