Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров еліміздегі жылыжай мәселесін көтеріп, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыдан екі апта бұрын Түркістан облысына сапарым аясында оңтүстік өңірдің шаруаларының құрылтайына қатыстым. Көп сұрақтың ішінде бүгінде ең өзекті мәселе — жылыжай саласының құлдырауы болып отыр. Елімізде 1,2 мың гектар жылыжай кешені бар. Олардың 80%-і Түркістан өңірінде шоғырланған. Осы жылыжайлардың 90%-і фермерлік жылыжайлар, бүгінде 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр, - дейді депутат.
Қожаназаровтың сөзіне қарағанда соңғы екі жылда жылыжай саласы құрдымға кетіп барады.
Шаруалар жылыжайларды бұзып, қаңқасын темір-терсекке өткізіп жатыр. Себебі Үкімет тарапынан шешімін қажет ететін сұрақтар бүгінде тек уәде түрінде қалып отыр. Аграрлық несиелік корпорациясы фермерлік жылыжайларды арнайы жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы әзірлемеген. Шаруалар кәсібін жүргізуге микроқаржы ұйымдарынан 45%-пен несие алуға мәжбүр. Осы уақытта шаруалардың жартысы несиесін жаба алмай банкрот жағдайға жетті. Қысқы уақытта жұмысты жүргізу үшін түркістандық жылыжайшыларға 450 мың тонна көмір керек. Облыс әкімшілігі мен Энергетика министрлігінің көмір кеншілерімен арзандатылған бағамен көмір алуға келіскен лимиті 150 мың тоннадан аспайды. Ол да жеткізу шығындарын, делдалдардың қосатын бағасын есептегенде тоннасына 25 мың теңгеге шығады (былтырғы баға — 17,6 мың теңге.), - деп айтты Мәжіліс депутаты.
Қожаназаров атап өткендей, шаруаларды тығырыққа тіреп отырған ең басты мәселе — маусымдық импорт. Былтырдан бері шаруалар Түркіменстан мен Өзбекстаннан демпингтік бағамен қызанақ пен қияр кірі жатқанда дабыл қағып, Үкіметтен шара қолдануды сұрады. Алайда еститін құлақ болмады.
Биылдан бастап біздің жылыжайшылар қызанақ өсіруді қойды, себебі шығынын ақтамады. Ал нәтижесін қазір көріп отырмыз. Дәл қазір базарға барсаңыз, келісі 1000 теңгеден төмен қызанақ таппайсыз. Ал жаңа жылда үстелдеріңізге қызанақ пен қиярды еттің бағасымен сатып алып қоюға дайын отырыңыздар. Осы орайда орынды сұрақ туындайды: неге сол импортерларыңыз былтыр 200 теңгеге сатқан қызанақты қазір 800 теңгеден сатады? - деп айтты ол.
Депутат қалыптасқан жағдайда шаруаларды кешенді қолдау мақсатында Үкімет тарапынан келесі ұсыныстарды қарап, жедел шешімдер қабылдауды сұрады.
1. Жылыжай саласында шаруаларға қаржылық сауықтандыру жүргізу және жеіңлдетілген қаржыландыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Ол үшін Аграрлық несиелік корпорациясы арқылы Кең дала бағдарламасы аясында жылыжай саласына қаражат бөлу.
2. Импортталатын жылыжай өнімдеріне шекарада бақылауды күшейту, толыққанды фитосанитариялық шараларды қабылдау және маусымдық кезеңдерде кедендік баж салығы көлемін ұлғайту арқылы өз шаруаларымыздың мүддесін қорғау.
3. Премьер-министрдің деңгейінде көмір кенін игерушілерді жинап, жылыжайшыларға қажет көмірді жеңілдетілген бағамен жеткізу сұрағын қарау. Бұл мемлекеттік мүдде.
4. Былтырдан бері уәде етілген жылыжайларды субсидиялау ережелері мен нормативтерін қабылдауды тездету. Облыстық бюджеттен субсидиялауға бөлінген қаражат 500 млн теңге, ал жалпы қажеттілік 2,5 млрд теңгеден асады. Осыған орай, қосымша қаражат көздерін қарастыру қажет.