Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат: Жалақы екі есе өсті делінген, бірақ айтылған айлық берілді ме?

Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы мен жағдайын жақсарту қажеттігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтің әл үстіндегі әлеуметтік әлеуетін жақсарту керек деп талай айттық. Бірақ атқаратын адам таппай абдырап отырмыз. Бүгінгі талқылауымның тақырыбы – жалақыға жарымаған әлеуметтік қызметкерлер хақында, – деді депутат.

Оның айтуынша, бұған дейінгі депутаттық сауалына келген жауапта әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы бірнеше рет өсіп кеткені көрсетілген, бірақ нақты жұмыс істейтін мамандарға бұл өзгерістер жетпеген.

Мәжілістің мінберін мүдірмей бақылайтын бұқара “бұл тақырыпты қыркүйекте айттыңыз” деуі мүмкін. Дұрыс. Бірақ қыркүйектегі сауалға келген жауап қарынды ашырды, қадірді қашырды. Үкіметтің үкімімен келген мына жауапқа қарасам әлеуметтік қызметкерлер қымбатшылық атаулыға пысқырып та қарамайтын ауқаттылардың тізіміне кіріп кеткендей. Жауаптың бір бұрышында жалақылары 3 жылда 2 есе өсті дейді, енді бір бетінде 2021 жылы 40 пайызға айлықтары артты деп жазылған, тағы бір тұсында соңғы 4 жылда жалақылары 2 есе өсті делінген. Қағазда қатып тұр. Бірақ сол жалақыны балалары тастап кеткен қарияларға қарайтын әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар мен ерекше балаларды емдеумен, оларды аяққа тұрғызумен шұғылданатын мекемелердің қызметкерлері көрді ме екен? Оларға айтылғандай айлық берді ме екен? Себебі бұл еліміздегі 500-ден астам әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 10 мыңнан аса әлеуметтік қызметкердің жанайқайы, – дейді депутат.

Депутат нақты мысал ретінде Астанадағы «Шарапат» және «Жансая» орталықтарын келтірді.

Мамандардың орташа жалақысы 180 мың теңге. Соңғы 1,5 жылда бір орталықтағы 110 қызметкердің 50 штат бос қалды. Қамкөңіл қарияларды күтетін әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 110 мың теңге. Бұл еліміздегі барлық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тән жағдай, – деп атап өтті Аралбайұлы.

Депутат әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеру және жүйені жақсарту бойынша бірнеше ұсыныс жасады:

  1. Үкіметтің №1193 бұйрығын өзгертіп, күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлердің, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттардың, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру.
  2. Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға айналдыру арқылы жалақыны арттыру мәселесін қарастыру.
  3. Қосымша ақылы қызмет көрсетуге мүмкіндік беру, мысалы, Астанадағы “Шарапат” орталығында қариялар төлейтін қаражатты қызметкерлердің жалақысына жұмсауға мүмкіндік жасау.
  4. “Күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкер” лауазымдық атауын “Әлеуметтік қызметкер” деп өзгерту.
Өзгелердің жаңалығы