Депутат зейнет жасын төмендетуді ұсынды

26 Қаңтар 2022, 11:22
4872
Бөлісу:
Депутат зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков мүгедек адамдар үшін зейнет жасын төмендету туралы айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолады.

Депутат атағандай, Мемлекет басшысы елдегі қаңтар оқиғасынан кейін ескі тәсілдерді қайта қарап, әлеуметтік әділдік пен пен ұлттық табысты тең бөлу мәселесін шешуге басымдық беруге және жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. 

Жылдар бойы Қазақстан Халық партиясының депутаттары мүгедектігі бар адамдардың проблемалық мәселелерін көтеріп, оларды шешу бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Біз сізге жаңа үкіметтің басшысы ретінде жүгінеміз, ол бұрынғыға қарағанда «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына жақын болады деп үміттенеміз. Былтырдың сәуір айында біз мүгедектігі бар адамдар үшін зейнет жасын төмендету туралы мәселе көтердік. Мүгедектігі бар қазақстандықтардың еңбек етуге құқығы бар және олардың кейбіреулері зейнет жасына жеткеннен кейін жұмысын жалғастырғысы келеді. Дегенмен мұндай адамдар аз. Зейнетке шығу қарсаңындағы мүгедектігі бар адамдарға жұмыс істеу денсаулығына байланысты физикалық қиындық туғызады, - дейді ол.

Ахметбековтың сөзінше, бұрынғы Үкімет мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасы төмендеген кезде тағайындалған ынтымақты зейнетақы мөлшері мүгедектік бойынша ай сайынғы жәрдемақыдан төмен болады деп жауап берген.

Неліктен зейнетақы жүйесін мүгедектігі бар адамдар үшін ерекше жағдай жасау үшін өзгертпеске? Адамдар жүйе үшін емес, жүйе адамдар үшін емес пе? Мүгедектігі бар адамдар физикалық тұрғыдан анықталған теңсіздіктен зардап шегеді, ал зейнетке шығу жасындағы жасанды теңдік –  оларды қорлау және әділетсіздік. Неліктен мүгедектік бойынша тағайындалған жәрдемақы зейнетке шыққан кезде тоқтатылуы керек? Адамның жасы ұлғайған сайын денсаулығы жақсармайды және мүгедектігі жоғалып кетпейді. Мүгедектігі бар зейнеткерлер міндетті түрде зейнетақыны да, мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да алуға тиіс. Біздің елде құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері ғана зейнетке ерте шығады. Мүгедектігі бар қазақстандықтарды зейнетақымен қамтамасыз етуде осындай тәсіл қолданылуға тиіс деп есептейміз, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылдануға тиіс шаралар мен шешімдер туралы айтқанда Үкімет әдеттегідей: «Бұл – бюджетке қосымша ауыртпалық әкеледі» деп жауап береді.

Бұл тәсілге қарсы бірнеше объективті дәлел бар.

Біріншіден, көтерілген мәселе азаматтардың шағын тобына ғана қатысты екеніне назар аудару қажет. Қазақстанда жұмыс істейтін зейнет жасындағы мүгедектердің саны 3 мың адамнан аз. Жұмыс істейтін 50 мың мүгедектің орташа жасы 45 пен зейнет жасы аралығын құрады. Яғни олардың саны көп емес. Бұл жерде зейнетке белгіленген мерзімнен бұрын шығатын азаматтар сөз болып тұр. Осындай жүктемені көтере алмайтындай Қазақстанның бюджеті соншалықты әлсіз емес. 

Екіншіден, бюджетке қатысты мәселе бар. Есеп комитетінің 2021 жылғы 9 айдағы аудиторлық қызметінің негізгі қорытындысы арасында 2 сәт ерекшеленеді: анықталған қаржылық бұзушылықтың сомасы 384,4 млрд теңгені құрады, ал тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің сомасы триллион теңгеден асты. Яғни мемлекеттің ақшасы бар. Қалай болғанда да, бюджет қаражаты қажетсіз шығындарға жұмсалмауы керек. Бұл өзгеруі мүмкін және өзгеруі тиіс жағдай. 

Қазақстанда қабылданған және орындалуы тиіс халықаралық міндеттемелер бар. Атап айтқанда, ратификацияланған «Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенция». Қазақстан мүгедектердің зейнеткерлік жәрдемақы мен бағдарламаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша халықтың осал тобына жағдай жасауда өзгелерге үлгі бола алады. Бұл ретте «ҚР мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар» өзгертілуі мүмкін, ол мүгедек адамдардың өмір сүру деңгейін арттыруды және құқықтарын, оның ішінде лайықты қарттық құқығын қорғауды өзінің мақсаты деп жариялайды, - деп айтты депутат Мәжілісте.

Мүгедектігі бар адамдар үшін зейнет жасын төмендету әлеуметтік Кодекске енгізілуі тиіс.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып және ел Президентінің бастамаларын қолдау мақсатында Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттарының ұсыныстары:

1. Мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы жасын төмендетуді;

2. Мүгедек адамдар ұйымдарының міндетті түрде қатысуымен мүгедек адамдардың зейнетке шығу жасын төмендетудің және айқындаудың нақты өлшемдерін (мүгедектік тобын, денсаулық жағдайын, ауруын, еңбек сипатын және т.б. ескере отырып) сондай-ақ, мүгедек адамдардың мүддесіне сай келетін зейнетақымен қамсыздандыру тетігін әзірлеуді;

3. Мүгедектер проблемасын, оның ішінде жұмыс істейтін мүгедектер жасының еңбекке қабілеттілігіне әсері туралы қажетті ғылыми зерттеу жоспарын даярлауды; 

4. «Мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарғ» мүгедек адамдарды зейнетақымен қамсыздандыру, статистикалық деректерді жинау және мүгедектік мәселелерін ғылыми зерттеу, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектік саласындағы жұмысы тиімділігінің индикаторларын әзірлеу бөлігінде пысықтау енгізуді;

5. Әзірленіп жатқан әлеуметтік Кодекске мүгедектігі бар адамдардың зейнет жасын төмендету мәселесін енгізуді ұсынады.

Өзгелердің жаңалығы