Мәжіліс кулуарында депутат Мұрат Әбенов авиация саласындағы мәселелер мен мемлекеттік бақылау органдарының жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, авиакомпанияларға берілген жеңілдіктер мен қайтарылмайтын билеттерді сатуға рұқсат берілгеніне қарамастан, жолаушылар әлі де қолдан көтерілген бағалар мен құқық бұзушылықтарға тап болып отыр.
Бұрын олар: бізді бақылаудан босатыңдар, қайтарылмайтын билеттер сатуға мүмкіндік беріңдер деп сұрады. Біз оны жасадық. Енді “билеттер арзандады” деп айта аласыздар ма? Жоқ, олай емес. Билеттер қымбат, тіпті бір ай бұрын брондасаң да. Сөйтіп, олар “бұл қайтарылмайтын билет” деп айтады, - деді Әбенов.
Сонымен қатар депутат авиакомпаниялардың билетті қайтару кезіндегі әділетсіз тәжірибесін де атап өтті.
Ақшаны қайтаратынның орнына үш ай ішінде қолдануға тиіс қандай да бір сертификат береді. Елестетіңізші, ақша қайтармайды, бір электронды қағаз ұсынып қояды, ал үш ай өткен соң ол да жарамсыз болып қалады. Адам билетке өз ақшасын төледі – онда ақшасын қайтару керек. Олар әрекетсіздік танытып, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол беріп отыр, - деп баса айтты депутат.
Мұрат Әбенов ішкі рейстердегі билет бағасының қолдан қымбаттатылуына назар аударды.
Әуе билеттерінің қымбаттауына еш негіз жоқ. Мен біздің ұлттық әуе компаниясының шетелге ұшатындарға жеңілдікпен билет беретіндігіне, ал бізге, қазақстандықтарға, ішкі рейстер үшін қымбат сататынына сенімдімін. Бұл - қолдан жасалған қымбаттау. Оның үстіне билеттердің жартысынан көбін “қайтарылмайтын тариф” деп сатады. Шетелде мұндай билеттер бар болғаны 10% ғана, ал бізде адамдарды да, азаматтық авиация комитетін де алдап отыр, - деді депутат.