Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат Үкіметтен сәбіз экспортына шектеудің негізін түсіндіруді талап етті

Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Талғат Қырықбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сәбізді экспорттауға шектеу енгізу туралы ұсынысқа қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сауал Серік Жұманғаринге – Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министріне бағытталған.

Депутаттың айтуынша, аталған бастама фермерлер мен кәсіпкерлер арасында түсініспеушілік туғызып отыр. Бизнес өкілдері экспортты шектеу арқылы Үкімет қандай нақты стратегиялық мақсатты көздейтінін түсіне алмай отыр.

Бұрынғы тәжірибе экспортқа тыйым салу бағаны төмендетпейтінін көрсетті. Керісінше, баға өсімі жалғасып, негізгі ауыртпалық өндірушілердің мойнына түседі. Ал делдалдар мен логистикалық тізбектің өзге қатысушылары бұл шектеуден зардап шекпейді, - деді Қырықбаев.

Депутат Қазақстан Картоп және көкөніс өсірушілер одағының деректеріне сүйене отырып, елде сәбіз бен картоп тапшылығы жоқ екенін атап өтті. Қоймалар толы болғанына қарамастан, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған өнім тапшылығы жөніндегі мәліметтердің объективтілігі күмән тудырады.

Мәселен, Павлодар облысында ғана фермерлердің қолында 120 мың тоннадан астам сәбіз қоры бар. Қазіргі жағдайда оны келісі 80 теңгеден сатудың өзі қиын, себебі сұраныс төмен. Сонымен қатар, сәбіз ұзақ сақталмайтын өнім болғандықтан, экспортқа уақытша шектеу енгізу фермерлердің қолындағы өнімді өткізу мүмкіндігін одан әрі тарылтады.

Талғат Қырықбаев ойластырылмаған әкімшілік шешімдер отандық фермерлердің шетелдік нарықтардағы орнын әлсіретіп, жылдар бойы қалыптасқан логистикасы мен серіктестік байланысының үзілуіне әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен бірқатар сұраққа жауап беруді сұрады. Атап айтқанда, экспортқа шектеу енгізу қандай экономикалық және статистикалық есептеулерге негізделгені, бағаны тұрақтандыру үшін баламалы жүйелі тетіктердің қарастырылған-қарастырылмағаны және ішкі нарықты кепілдендірілген көлемде қамтамасыз ете отырып, артық өнімді экспорттауға мүмкіндік беретін нақты модельдің әзірленуі жоспарланып отыр ма деген мәселелер көтерілді.

Мемлекетке бір реттік шектеулер емес, фермерлер үшін түсінікті әрі болжамды тұрақты ережелер қажет, - деп атап өтті депутат.

Бұған дейін елімізде сәбіз экспортына үш айлық уақытша шектеу енгізілуі мүмкін екені туралы хабарлаған болатынбыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, шараның мақсаты – азық-түлік тапшылығын болдырмай, бағаны тұрақты ұстау.

Өзгелердің жаңалығы