Депутат тұрғын үй кооперативтерінің қауіпті тұсын айтып берді

15 Қыркүйек 2021, 17:36
1554
Бөлісу:
Депутат тұрғын үй кооперативтерінің қауіпті тұсын айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар тұрғын үй кооперативтеріне қатысты мәселені көтерді.

Файзолла Қаменов Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

Депутат атағандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес екенін, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтқан болатын. Ірі қалалардың тұрғындары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Үкіметке жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуді тапсырды.

Бірақ жүйесіз бағдарламалардан бөлек, елде тұтыну кооперативтеріне ақша аударып, үйсіз-күйсіз қалып жатқан адамдар саны күннен-күнге өсіп жатыр. Жылжымайтын мүлік нарығында тұрғын үй тұтыну кооперативтерінің болуы біздің алаңдаушылығымызды тудырады. Тұрғын үйге жоғары сұраныс оны жылжымайтын мүлік нарығында сатып алудың әр алуан түрлері мен формаларын қамтиды. Бірақ бұл сатып алушының мүдделерін қорғау тұрғысынан қолайсыз екенін көрсетті, - деді ол.
Қаменов айтып өткендей, қолданыстағы заңнама тұтыну кооперативтерін құруға тыйым салмайды. Бірақ олардың арасында қаржы пирамидасына өте ұқсас схема бойынша тұрғын үй сатып алуды ұсынатын көптеген кооператив кездеседі. Ипотекаға балама деген сылтаумен олар әр түрлі схема бойынша әрекет етеді. Тұрғын үй сатып алу үшін жарнашы пәтер құнының 10-30%-ын төлеуі тиіс. Сондай-ақ басқа жарнашылар өздерінің 10-30%-ын енгізгенше күтуі тиіс.

Ай сайынғы төлемдер мен пайыздарды енгізуге де мүмкіндік береді. Бірақ қажетті соманы жинау кейінгі жарнашы клиенттердің есебінен жүргізіледі.

Кооперативке қатысушылар неғұрлым көп болса, соғұрлым тезірек тұрғын үй сатып алуға болады. Мұндай кооперативтердің тартымдылығы күту мерзімі 2-3 жыл және еліміздің кез келген қаласынан тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі бар.

Депутат кооперативтердің қауіпті тұсын айтып берді.

Сатып алушылар ағыны аяқталған кезде мұндай ұйым жойылып, тұтыну кооперативіне кірген қатысушылар ештеңесіз қалады. Мұндай кооперативтердегі сатып алушылардың мүдделері әдеттегі үлестік құрылысқа немесе тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысуға қарағанда іс жүзінде қорғалмайды. Өйткені қарапайым кооперативтер арқылы тұрғын үй сатып алудың мұндай нысаны заңнамаға сәйкес мүмкін болса да, еш жерде регламенті көрсетілмеген, - деп айтты депутат Мәжілісте.
Қазіргі уақытта елімізде 1 827 түрлі тұтыну кооперативі тіркелген. Бірақ азаматтардың шағымы көбіне тұрғын үй тұтыну кооперативтерінің әрекеттеріне түседі.
Бүгінгі таңда құқық қорғау органдары қаржы пирамидасын құру фактілері бойынша көптеген істі тергеп жатыр. Оның ішінде республика бойынша «Новый дом 2017», «Свой дом 5», «V Недвижимость», «Шаңырақ КТК», «Отанстрой» сияқты өндірістік кооперативтер назарға ерекше түседі. Олардың жалпы залал сомасы 200 млн-нан астам теңгені құрайды. Бұл қылмыстық іс қозғалған тұрғын үй кооперативтерінің толық тізімі емес. Бірақ көбіне құқық қорғау органдары акционерлер мен кооперативтердің құқықтық қатынастарының азаматтық-құқықтық сипатына сілтеме жасай отырып, мұндай жағдайларды тергеуден бас тартады, - дейді Файзолла Қаменов.
Айтуынша, уәкілетті органдар мұндай ұйымдарға тиісті бақылау жүргізбейді. Тұтыну кооперативтерін құру айтарлықтай жеңіл, бірақ азаматтардың өз ақшаларын жоғалтып алу түріндегі олардың бақылаусыз қызметінің салдары әлі де мемлекеттің проблемасына айналып отыр.

Депутат тұрғын үй сатып алу үшін азаматтардың қаражатын тікелей немесе жанама түрде тартатын барлық осындай кооперативтің қызметін регламенттеу қажет екенін айтты. Сондай-ақ алданған тұрғын үй салымшылары санының өсуіне жол бермеу мақсатында Үкіметке бірнеше шара қабылдауды ұсынды.

  • Тұтыну кооперативтерін тиісінше бақылау және олардың қызметін регламенттеу үшін мемлекеттік органдардың үйлестірушісін айқындап беру қажет;
  • Тұтыну кооперативтері арқылы тұрғын үй сатып алу үшін ақша қаражатын салу қаупі туралы азаматтардың хабардар болуын арттыру керек.
Өзгелердің жаңалығы