Депутат Смайыловқа: Мемлекеттік борыш көлемін азайту үшін Үкімет қандай шара қабылдап жатыр?

20 Маусым 2023, 15:54
611
Бөлісу:
Депутат Смайыловқа: Мемлекеттік борыш көлемін азайту үшін Үкімет қандай шара қабылдап жатыр?
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуына қарағанда, 2022 жылғы бюджеттің шығыс бөлігі негізінен салықтық, салықтық емес Ұлттық қордан бөлінген трансферттер, ал қалған бөлігі қарыз қаражатынан қамтамасыз етіліп отыр.

Менің ойымша, бұл өте қауіпті нәрсе. «2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқару бойынша» тұжырымдамаға сәйкес 2030 жылға қарай мемлекеттік борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығын жалпы бюджет шығынының 10 пайызынан аспауы керек. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 7%, ақшамен айтатын болсақ, 1,3 трлн теңге, - деді Баққожаев.

Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 320 млрд теңгеге көп. Осы уақытқа дейін алынған қарыздарды қайтаруға арналған қаражатты ескеретін болсақ, мемлекеттік борышты өтеуге, оған қызмет көрсетуге арналған шығыстың жалпы жиынтығы 2,9 трлн теңгені құрап отыр. Бұл шығыс бөлігінің 15,5 пайызы.

Ұлттық қордан түсетін трансферттерді ескермесек, бұл мемлекеттік кірістің 25,2 пайызы. Мемлекеттік борыштың көлемін азайту үшін қандай шаралар қолданылып жатыр? Мемлекеттік борышқа байланысты орташа және ұзақ мерзімдегі перспективалар бойынша болжамыңыз қандай?, – деп сұрады депутат Премьер-министрден.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов депутаттың сауалына жауап берді.

Мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты назарында. Осы саладағы жұмыс халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Қазір ол қауіпсіз деңгейде. Жалпы ішкі өнімге 24,7%, - деді ол.

Смайыловтың айтуына қарағанда, мемлекеттік борышты азайту және соған байланысты бюджеттің шығыстарын азайту мәселесін шешу үшін Үкімет бірқатар шараны қабылдап жатыр.

Біріншіден, республикалық бюджеттің тапшылығын ЖІӨ-ге 2,7%-дан кезең-кезеңімен төмендету. Ол жаңа қарыздарды алуға және шығыстың өсуін шектеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бюджеттің өз кірісін ұлғайту. Ол үшін әрі қарай салықтық және кедендік әкімшілендіру жетілдіріледі, цифрландыру жалғасады. Мысалы, былтырдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің өз кірісі 42%-ға өсті. Биыл да өсіп 40% болады деп жоспарлап отырмыз. Үшіншіден, қарызды ішкі нарықтан теңгемен алуға басымдық беріп отырмыз. Ол валюталық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Премьер-министр.

Сонымен қатар мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстеріне енгізу көзделіп отыр.

Алдағы 5 жылдың ішінде мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде қалыптасады. ЖІӨ-ге 25% шегінен аспайды деп болжап отырмыз, - деп айтты Әлихан Смайылов.

Бұған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова заң жазалау құралы ғана емес, ескерту құралы ретінде қызмет етуі керек екенін айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы