Астана қаласының мәслихаты кезектен тыс сессияда жасанды интеллект арқылы қалалық инфрақұрылымды дамытатын жобаны талқылады. Жиында мәслихат депутаты шенеунікке ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Дидар Сүлеймановқа бейнебақылау камераларына қатысты сұрақ қойды.
Депутат өз сөзінде елордада барлық аймақта камера жоқ екенін айтып, шеткі аймақтарға ерекше көңіл бөлуді сұрады.
Бүгінде орнатылған камералар дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Мысалы, Көктал, Қорғалжын паркінде орнатылған камералар істемейді. Одан қоса, жолдың бойында орнатылған “Сергек” камералары да дұрыс жұмыс істемейді. Қаламыздың шеткі аймақтарында қылмыстық топтар көп, “закладчиктер” көп, - деп айтып, “Сергектің” орнына келетін жаңа жүйе жүзеге асса, қанша камера орнатылатынын сұрады.
Басқармасы басшысы Дидар Сүлейманов сұраққа орысша жауап беруді сұрады.
Рақмет. Рұқсат болса, орысша жауап берейін, - деп ол сөзін орысша жалғасыра бастағанда мәслихат депутаты сөзін бөлді.
Қашанғы өзіміз шүлдірлей береміз. Өз тілімізді өзіміз бағаламаймыз. Президент қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек деп айтқан жоқ па?! – деді Бауыржан Смайылов.
Айта кетейік, бүгін Астана қаласының мәслихаты кезектен тыс сессияда жасанды интеллект арқылы қалалық инфрақұрылымды дамытатын жобаны талқылады. Елордада 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан “Сергек” жобасы биыл 13 наурызда аяқталады. Мәслихатта депутат лифтідегі жағдайға қатысты да пікір білдірді.