Депутат «Серпінмен» оқитын студенттердің ыстық тамағы мен жол ақысын жеңілдетуді ұсынды

2 Желтоқсан 2021, 14:22
929
Бөлісу:
Депутат «Серпінмен» оқитын студенттердің ыстық тамағы мен жол ақысын жеңілдетуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұржан Нұрсипатов «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» - «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы мәселесін көтерді.

Сенатор Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселе бойынша жағдайды жақсартуға ықпал ететін бірқатар қадамды ұсынды.

Нұржан Нұрсипатов атап өткендей, бұл бағдарлама жас түлектерді оңтүстіктен солтүстікке көшіруге, тегін оқытуға, оларды жұмысқа орналастыруға және тұрғын үймен қамтуға бағытталған.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында 2014-2019 жылдары еліміздің солтүстігінде орналасқан колледждер мен жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірушілердің саны артқан. Атап айтқанда, әр жылда шамамен 50-ден 200-ге дейін өскен. Білім және ғылым министрлігі 2014 жылғы «Оңтүстік өңірлерден келген жастар арасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беру бойынша бір маманды даярлауға арналған шығындарды есептеу тәртібін бекіту туралы» бұйрығының күші жоюлуына байланысты әлеуметтік сипаттағы өткір проблема туындап отыр. Бұрын «Серпін» бағдарламасы бойынша студенттер жылы киім сатып алу үшін көтерме құралдармен, оқу орнына бару және кері қайту жолақысы үшін толық көлемде өтемақымен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, енді аталған бұйрықтың күші жойылуына байланысты оңтүстік өңірлерден келген студенттер жалпы негізде қаржыландырылады, - деді сенатор.

Оның сөзінше, жеңілдіктің алынып тасталуы оңтүстік өңірден келген түлектердің солтүстік өңірлердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуға деген ынтасы жоғалту себептерінің бірі болып отыр. Сондықтан 2020-2021 жылдары жаңа талапкерлерді қабылдау жүзеге асырылмады.

Студенттің көпшілігі артық қаражаты немесе жинаған қоры жоқ көпбалалы отбасыларда өскендіктен, бүгінгі күні оларды жылы киіммен қамтамасыз ету ең өзекті мәселе болып отыр. Сондай-ақ тегін ыстық тамақ ұйымдастыру, жол жүру ақысын жеңілдету қажет. Көптеген жастың, табысы аз адамның мәртебесін растайтын және басқа да құжаттары жоқ. Қосымша қаржыландырудың болмауы осы бағдарламаның өзектілігін жоғалтуына және студенттердің өз өңірлеріне қайтып кетуіне әкеліп соғып жатыр, - деді Нұржан Нұрсипатов.

Осыған байланысты сенатор Нұржан Нұрсипатов стратегиялық маңызы бар бағдарламаға ерекше назар аударуды сұрады және жағдайды жақсарту үшін бірқатар шараны ұсынды. Олардың ішінде тиісті бұйрықтың нормаларын қалпына келтіру, диплом алған мамандарды мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді мәселелер бар.

Өзгелердің жаңалығы