Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бойдақ салығына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат мұндай салықты салудың қажеті жоқ екенін айтады.
Бойдақ салығы ештеңе шешпейді. Ол керісінше жастарға үлкен салмақ болады. Біз жастарды қолдап, оларға жағдай жасауымыз керек. Жастарға "үйленген жоқ" не болмаса "тұрмыс құрған жоқ" деп салық салсақ, бұл үлкен қателік болады, - дейді Сабильянов.
Депутат жастарға қолдау көрсетіп, кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасаған дұрыс деп санайды.
Нұртай Сабильянов сөз арасында жас кезінде бойдақ салығын төлегенін жасырмады.
Мен 1988-1991 жылдар аралығында бойдақ салығын төлегенмін. Ол кезде Алматы электротехникалық зауытында жұмыс істедім. Зауыт жалақымнан салық ұстап қалатын. Өзім жатақханада тұрамын, оны жалға алғаныма тиісті ақысын төлеймін, оған қоса бойдақ салығын төлеймін, тағы басқа бір салығы бар. Барлығын төледім. Бірақ бойдақ салығын төлегенім менің тез үйленіп, отбасын құруыма себеп болған жоқ, - деп депутат 31 жасқа келгенінде үйленгенін қоса кетті.
Қазір Нұртай Сабильянов көпбалалы әке, 5 баланы тәрбиелеп отыр.
Айтарым, жастарға салық салмай, керісінше, жұмыс істеуіне, жағдайын жақсартуына қолдау көрсетуіміз керек, - деп ойын айтты ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде бойдақтарға салық салу мәселесі көтеріліп, қызу талқыға түскен еді.