Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров бір палаталы Парламентке көшу реформасының артықшылықтарына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу заң шығару жұмысын жеделдетуге мүмкіндік береді.
145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу дегеніміз заң шығару жұмысын жеңілдету деген сөз. Қос палатаның орнына бір ғана Парламент болғанда, заңдар ұзақ талқылаудан өтпей, тез қабылданады. Бұл Парламент мүшелерінің жауапкершілігін арттырып, қабылданатын шешімдердің нақты әрі кешікпей бекітілуін қамтамасыз етеді. Осы арқылы демократияның тиімділігі күшейеді. Пропорционалдық жүйе партияларды нығайтып, бәсекелестік ортаны дамытуға және қоғамның мүддесін нақты жеткізе алатын саяси жүйені қалыптастыруға бағытталған, – дейді Қожаназаров.
Оның сөзінше, бұл реформа елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді.
Бизнесті дамытуға, мектептер мен ауруханалар салуға, инфрақұрылымды жақсартуға қажет заңдар жедел қабылданады. Биліктің халық алдындағы ашықтығы, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы есеп беру жауапкершілігі одан әрі жақсарады, – деді депутат.
Айдарбек Қожаназаров реформаның бизнеске де қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.
Бұл реформа бизнеске қатысты заңдар мен талаптардың тұрақты әрі түсінікті болуын қамтамасыз етеді. Кәсіптің дамуын ұзақ мерзімге жоспарлауға жол ашады. Мыңдаған Қазақстан азаматы елдің болашағына қатысты өз ойын ашық білдірді. Нәтижесінде Халық кеңесі идеясы пайда болды. Бұл “еститін мемлекет” қағидасының жұмыс істейтінінің нақты дәлелі, – деді ол.
Сондай-ақ депутат аталған бастамалар жас ұрпақтың болашағы үшін маңызды екенін айтады.
Осындай реформалар жас ұрпақтың алаңсыз болашағы үшін қолға алынып отыр. Экономиканың заманауи талаптарға сай дамуы, жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы жастардың білімін, қабілетін ел ішінде жүзеге асыруын қамтамасыз етеді. Осылайша, дарынды жастар өз болашағын шетелде емес, Қазақстанда жасайды, – деді Айдарбек Қожаназаров.