Депутат: Құмар ойындарының жұмысын тоқтату керек

4 Мамыр 2023, 18:38
1062
Бөлісу:
Депутат: Құмар ойындарының жұмысын тоқтату керек
Фото: Respublica партиясы

Заңнамалық деңгейде құмар ойындарының жұмысын және ақпараттық алаңдарда букмекерлік кеңселер жарнамасын тоқтату керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов фракция отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін елордада «Respublica» партиясы фракциясының «Ойын бизнесі және лотерея қызметі туралы» тақырыбында кеңейтілген отырыс өтті. Талқылауға Парламент депутаттары және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтің айтуынша, жиын құмар ойындары мәселесін шешу жолдарын анықтап, ақпараттық алаңдардағы жарнаманы тоқтатуды Заңға енгізу мәселесін талқылау мақсатында өтті.

Заңнамалық деңгейде құмар ойындарының жұмысын және ақпараттық алаңдарда букмекерлік кеңселер жарнамасын тоқтату керек. Дені сау және бақытты ұлт – елдің әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтудың басты шарты. Бұл тақырып – «Respublica» партиясының сайлауалды бағдарламасында көтерілген басты мәселелердің бірі. Проблеманың шешілуі азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында қаншалықты маңызды екенін білеміз, – деп атап өтті ол.

Депутат құмар ойындар мен букмекерлік кеңселерде бәс тігудің, ойынға тәуелділіктің, қаржылық проблемалардың және отбасылық жанжалдардың әлеуметтік зардаптары көп екенін алға тартты. 

Букмекерлік қызметтердің қызылды-жасылды жарнамасы жарқырап, адамдарды ойнауға қызықтырады. Бұл өз кезегінде проблеманы ушықтырып жатыр. Бізге халықтан осы мәселені шешу туралы көптеген хат пен пікір келіп жатыр. Бүгінгі отырыстың барлық қатысушысын қоғамымызды нығайту және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыу үшін осы мәселені бірге талқылауға және конструктивті шешім қабылдауға шақырамыз, – деді Руслан Берденов.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін депутат Руслан Берденов Мәжіліс отырысында Бас прокуратура берген мәліметке сүйеніп, 2022 жылы елімізде қылмыстық құқық бұзушылықтың 21 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойынмен байланысты екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы