Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Премьер-министр Олжас Бектеновке мұнай алу коэффициентін (МАК) арттыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Фракция отандық мұнай-газ өнеркәсібіндегі әлеуетті тиімді пайдалану, ұлттық мүдделерді қорғау және өндірістің технологиялық деңгейін көтеру мәселелерін көтеріп келеді. Дегенмен, Үкімет аталған мәселелер бойынша нақты жоспар ұсынбаған.
Серік Ерубаев атап өткендей, 2015 жылы МАК саланың стратегиялық басымдығы ретінде белгіленген, ал әлемдік тәжірибеде кейбір кен орындарында коэффициент 70-75%-ға дейін жетеді. Қазақстанда мұндай мақсатты бағдарлардың болмауы мұнай қорларының елеулі бөлігінің өндірілуін тежеп, бюджеттік кірістердің төмендеуіне әкелуде.
Мысалы, Өзен кен орнында қабат қысымын ұстап тұру үшін теңіз суы мен қабат суының қоспасы қолданылып, парафин бітелуі, тұз шөгінділері және жабдықтардың жедел коррозиясы орын алуда. Бұл өндіріс тиімділігін төмендетіп, шығындарды арттырады, - деп айтты депутат.
Ол мемлекетке нақты талап қойып отыр:
- Келесі 5 жыл ішінде негізгі кен орындары бойынша МАК-ты кемінде 5–10%-ға арттыру және ұзақ мерзімде халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу;
- Стратегиялық кен орындарында озық технологияларды енгізу, екінші және үшінші реттік өндіруді қоса алғанда;
- Мұнай өндіруді ұлғайту мақсатында қолданыстағы мұнай-газ келісімшарттарын қайта қарау;
- Жер қабаттарының бітелуі салдарынан МАК-тың нақты шығындарын бағалау.