Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Депутат: Қазақстанда Конституцияның 40-тан астам бабы өзгеруі мүмкін

Бүгiн, 11:39
126
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Артём Чурсинов

Қазақстанда Конституцияның 40-тан астам бабына өзгеріс енгізілуі мүмкін. Ауқымы жағынан бұл Негізгі заңның жаңа редакциясын қабылдаумен шамалас болуы ықтимал. Бұл туралы Сенат кулуарында депутат Есбай Амангелді мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында алдағы конституциялық және парламенттік реформаларға жан-жақты тоқталған. Депутат бұған дейін қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында парламенттік реформа аясында Конституцияның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу мәселесі көтерілгенін де атап өтті.

Осыдан кейін жұмыс тобы құрылып, қазан айынан бүгінге дейін алты жұмыс отырысын өткізді. Осы кезеңде eGov порталы арқылы азаматтардан 1600-ден астам өтініш келіп түсті, – деді Есбай Амангелді.

Ол нақтылағандай, сол өтініштердің шамамен 500-і ғана тікелей парламенттік реформаға қатысты болса, мыңнан астам ұсыныс мемлекеттік басқару жүйесіне және Конституцияға жалпы өзгерістер енгізу мәселелерін қамтыған. Осыған байланысты, оның сөзінше, мемлекеттік институттарды трансформациялауға қатысты қосымша сұрақтар көтерілген. Атап айтқанда, вице-президент институтын енгізу және халық жиналысы секілді бастамалар да ұсынылған.

Қазір әңгіме Конституцияның 40 емес, 40-тан да көп бабына өзгеріс енгізу туралы болып отыр. Бұл әзірге түпкілікті сан емес, бірақ ауқымы жағынан мұндай өзгерістер жаңа Конституциямен пара-пар болуы мүмкін, – деді депутат.

Бұл бастамаларды сапалы түрде пысықтау үшін, Есбай Амангелдінің айтуынша, арнайы комиссия құрылған. Оның құрамын жуырда Президент бекіткен. Комиссияға шамамен 120 адам енген. Олардың қатарында депутаттар, заңгерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өңірлік мәслихат мүшелері, сондай-ақ түрлі этнос өкілдері бар.

Комиссия құрамына кәсіби және мазмұндық тұрғыдан ешқандай күмән жоқ. Егер референдум өтіп, азаматтар қолдау білдірсе, дәл осы комиссия конституциялық түзетулерді терең әрі сапалы түрде пысықтап, нормалардың қоғам мүддесіне қызмет етуін қамтамасыз етумен айналысады, – деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы