Мәжіліс депутаты Динара Наумова Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдаған сауалында қайырымдылық ұйымдарына қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда елде мұқтаж жандарға шынайы жанашырлықпен көмек көрсетуге дайын көптеген қайырымдылық және еріктілер ұйымдары жұмыс істейді. Алайда, олардың лайықты беделін қоғамның сенімін асыра пайдаланатын және тек жеке пайдасын көздейтін алаяқтар бұзады.
Биылдың наурыз айындағы Қаржы мониторингі агенттігінің деректеріне сәйкес, 138 банк картасы түрлі мақсаттарға күмәнді алымдарға тартылды, ал 660 мыңнан астам қазақстандық өз ақшаларын жалған көмекке жіберді. Қайырымдылық мақсатта жиналған сома – 6 млрд теңге. Оның 2 млрд теңгесінде алаятық белгілері бар. Қаскүнемдер жиналған қаражатты әртүрлі мүлікті сатып алуға, тұрмыстық қажеттіліктерге, букмекерлік кеңселердегі ставкаларға, шетелдегі сәнді пәтерлерді жалға алуға және басқа мақсаттарға пайдаланған. Бұл тек ресми деректер. Анықталмаған алаяқтық фактілердің нақты саны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін, - деді Динара Наумова.
Әртүрлі платформаларда қаржылай көмек сұрап, өзгелерден қол ұшын созуын сұрайтындар қатары өсіп келе жатқаны байқалады. Алайда осы қарқынды теріс пиғылда пайдаланатын алаяқтардың қызметіне қатысты алаңдаушылық туындайды. Бұл адамдар өзгелердің аяушылық сезімін оятып, қаржылай көмек жолдауы үшін қолдарынан келгенше түрлі амал-тәсілді қолданады.
Сондай-ақ қайырымдылық қаражаты жиналатын қораптарды тексеру мүмкіндігінің болмауы қаражаттың пайдаланылуын бақылауды қиындататынын да ескеру маңызды. Бұл мақсатты емес шығындарға әкелуі мүмкін және ақшаның жәрдем күткен мұқтаж жандарға жетуін қиындатады.
Қоғамда қайырымдылық қызметке деген оң көзқарастың артуымен бірыңғай реттеуші органның, сондай-ақ ашықтық пен есептілік мәдениетінің болмауы сияқты күрделі проблема туындады. Еріктілердің сенімсіздігі мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Қайырымдылық жасаушылар мен көмек алушылардың қызметі туралы бақылауды жүзеге асыруға және сенімді ақпарат алуға болатын бірыңғай платформаның болмауы күмән тудырады және тиімді бақылау мүмкіндігін қиындатады, - деп айтты мәжілісмен.
Сонымен қатар осы саладағы заңнамалық реттеудің жеткіліксіздігін атап өту қажет. Бұл қайырымдылық ісіне адал адамдар жұмысының көптеген маңызды аспектісін көлеңкеде қалуына әкеледі.
Қайырымдылық ұйымдары мен еріктілердің ізгі аты мен қызметін қорғауды қамтамасыз ету үшін жосықсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған тиісті шаралар қабылдауды қарастыру қажет. Қайырымдылық қызметін бақылауға алып, қоғамның осы салаға деген сенімін нығайту үшін тиісті шаралар қабылдау маңызды, - деп есептейді мәжілісмен.
Ол мынадай ұсыныстар жасады:
1. Қайырымдылық саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде қажетті жұмыстар жүргізу.
2. Қайырымдылық ұйымдарының қызметін үйлестіретін, реттеудің бірыңғай стандарттарын белгілейтін және қайырымдылық қаражатын пайдаланудың ашықтығына кепілдік беретін бірыңғай реттеуші орган құру.
3. Қайырымдылық ұйымдары мен олардың қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен дұрыстығын қамтамасыз ететін, сондай-ақ осы саладағы жосықсыз практикаға тиімді қарсы тұруға ықпал ететін бірыңғай онлайн-платформа құру.