Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкіметті қарыз ала бермеуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, дүниежүзілік экономиканың жағдайын барлығымыз көріп отырмыз. Сондықтан бюджеттің дефициті тек қана Қазақстанға сәйкес емес. Бірақ біздің үкіметіміз биылдан бастап ішкі және сыртқы қарызды алуға әуестеніп келе жатыр. Яғни ертең бұл тенденцияға айналуы ықтимал.
Ірі экономикалардың өздері қазір протекционизммен айналысып жатыр. Бұл ертең дүниежүзілік саудаға өзінің ықпалын тигізеді. “Ертең дүниежүзілік дағдарыс болса, ішкі және сыртқы қарызды қалай қайтарамыз?” деген сұрақ туады. Бүгіннің өзінде Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызды 63 млрд доллар болды. Соған енді қосымша 600 млрд теңгені алып жатырмыз. Келесі жылдың бюджетінде тағы 4 трлн теңге ішкі қарыз тұр. Үкімет оны “ол ішкі қарыз” деп бізді сабырға шақырып отыр, бірақ ішкі қарыз бен сыртқы қарыздың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Ертең екеуі бюджетімізге үлкен салмақ болып түскен кезде еліміздің экономикалық өсімі азаятыны сөзсіз, - дейді Ерлан Сайыров Мәжілісте.
Мәжілісмен атап өткендей, келесі жылдың өзінде елімізде 2,5 трлн теңге тек осы қарыздарды өтеуге ғана бағытталған. Енді осы бағытпен әрі қарай жүре беретін болсақ, біз Латын Америкасы елдерінің деңгейіне келіп қалуымыз ықтимал.
Сайыровтың сөзінше, Үкіметке қазірден бастап бюджетті оңтайландыруды қарастыруы керек. Қымбат көлік, қымбат жиһаз, аймақтарда бюджеттің ақшасына салынып жатқан әртүрлі ірі құрылыстарды, яғни әлеуметтік құрылыстан басқа әкімшілік құрылыстарды тоқтату керек.
Егер бюджетте бүгін дефицит болса, онда қайдан табу керегін көрсетейік. Мысалы, квазимемлекеттік секторда, әртүрлі мемлекеттік ірі компанияларда қазірдің өзінде триллиондаған теңгесі ірі банктердің депозитінде жатыр. Олар мемлекетімізге емес, олигархтарға жұмыс істеп жатыр. Бұл қаржы неге қайтарылмайды? Сондықтан бүгін бұл мәселенің бәріне түсіністікпен қараймыз. Ертең біздің балаларымыздың тағдырына осы мәселе кері әсер етуі мүмкін. Шешім қабылдаған кезде осы мәселе әрқашан біздің ойымызда болуы керек, - деді ол.
Ерлан Сайыровтың ойынша, қарыз алуға әуестенгеннен гөрі ішкі резервтерімізді қарастырып, квазимемлекеттік сектордан және бюджеттің ішіндегі эффектісі жоқ әртүрлі олигарх топтары лобби жасаған шығынның бәрін қарастырып шығуымыз керек.