Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Туризм және спорт министрлігіне ұсыныс жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанның спорт процесінен олигархтардың барлық қолхатшыларын алып тастауымыз керек. Құлыбаев бар, оның айналасындағы жүрген адамның барлығы Қазақстанның спортына керісінше өзінің зиянын тигізіп жатыр. Бұл мәселені қазір қалай шеше аламыз? Құзырлы министрліктердің олигархтарды спорттан қуып жіберуге күш-жігері бола ма? – деді Сайыров.
Оның сөзінше, олигархтар мен олардың туыстары, достары әртүрлі федерацияларды ашып, Қазақстанның бюджетінің тоз-тозын шығарды.
Соңғы 4 жыл ішінде Қазақстанның спорттағы жоғары жетістігі көршілерімізден (Өзбекстан – авт.) қалып бара жатқанын мойындау керек. Неге? Ойлап қарасақ, Қазақстан жалпы алғанда спортқа 1 млрд доллар бөледі. Ал Орталық Азиядағы басқа көршілеріміз мұндай соманы түсінде де көрмеген. Бірақ олардың жетістігі жоғары. Бұдан өзімізге қандай ой түюіміз керек? Яғни 1 млрд долларды басқалар талан-таражға салып жатыр, - деп айтты депутат.
Ерлан Сайыров спортты дамытқан кезде алдымен олимпиадалық спортқа және ұлттық спортты дамытуға бюджеттен ақша бөлу керегін айтты.
Депутат егер басқа федерациялар жұмыс істегісі келсе, онда бюджеттен тыс көздерден қаржы тауып жұмыс істесін деген ұсыныс жасады.
Мемлекеттің қаржысы тек қана жоғары жетістігі бар және олимпиадалық спортты дамытуға ғана жұмсалуы керек. Қазір өзім аймақта жүрмін. Аймақтардағы ағайындардың да айтып жатқаны осы.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.