Депутат министрлерге ауылдағы проблемаларды жіпке тізгендей айтып берді

20 Мамыр 2021, 11:44
11478
Бөлісу:
Депутат министрлерге ауылдағы проблемаларды жіпке тізгендей айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев Үкімет мүшелеріне ауылдағы проблемаларды айтты. 

Алдымен, ауылдық аумақтарды дамытуға байланысты айтқым келіп отыр. Бұл мәселе әлі де көп жұмысты, қажырлы еңбекті қажет етеді. Табысы күнкөрісі деңгейінен төмен аз қамтылған отбасылардың көпшілігі ауылдық жерде турады, олардың үлесі қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Соңғы екі жылда ауылдан қалаға 720 мың адам қоныс аударған. Біз жүргізген сауалнама ауылдық жердегі ең басты қиындық - жұмыссыздық екенін көрсетіп отыр. Сауалдамаға қатысқан еңбекке қабілетті адамдардың 40% болашақта қалаға көшуді жоспарлап отыр,- дейді Ақылбек Күрішбаев. 
Ол ауылдарға 137 денсаулық, 315 білім беру нысанын салу керектігін айтты. Сонымен қатар 78 мектеп үш ауысыммен оқып жатса, 19 мектеп апаттағы жағдайда екен. Одан бөлек 900 дәрігер, 1860 педагог жетіспейді. 1200 ден астам елді мекендерде интернет жоқ.
Үкіметтің қолданған шаралары арқасында ауылдағы көптеген проблемалар шешіліп жатқаны рас, бірақ біз қалағандай жылдамдықта емес. Мамандардың есебі бойынша, ауылдық инфрақұрылымды қаржыландыруға қазіргі жоспарланған бюджетке қарағанда кемінде 2 есе көп қаражат бөлу қажет. Біз ауыл тұрғындарының ең өзекті мәселесі - оларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қалай шешіліп жатқанына талдау жүргіздік. Мемлекет басшысының осы мәселеге қатысты берген тапсырмасының сапалы орындалуын қалай қамтамасыз етеміз?,- деді сенатор. 
Оның айтуынша, 2019 жылы 105 ауылдық елді мекенге ауыз су тасымалдау арқылы жеткізілетін болса, былтырғы жылдың соңына қарай олардың саны азаймаған. Керісінше көбейген көрінеді, қазір  109 ауыл осындай жағдайда. 
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, сапалы ауыз сумен 1922 ауылдық елдімекен әлі қамтамасыз етілмеген. Ал  бұл еліміздегі барлық ауылдың 30%-дан астамы. Оның ішінде 1129 ауылда сумен жабдықтау жүйесін блок-модульдерді салу арқылы жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіру көзделіп отыр. Сонымен бірге, мамандардың бұл жұмысты 2025 жылға дейін аяқтай алатынымызға күмәні бар, өйткені бұл ауылдардың көпшілігінде жер асты суларының қорлары (дебеті) және олардың сапасы әлі зерттелмеген. Бұл жұмыс қымбатқа түсетін ұзақ процесс,- деді депутат.
Айта кетейік, Сенатта «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаралып жатыр.
Өзгелердің жаңалығы